Нотариус куәландырған құжаттар енді электрондық мұрағатта сақталады, ал нотариустардың өздері олардың "электрондық" және "қағаз" нұсқаларының бірдейлігін куәландыра алады. Бүгін сенаторлар нотариат қызметтерінің сапасын арттыруға және оларды алудың ыңғайлы болуына бағытталған осы және басқа да бірқатар жаңа өзгерістерді қабылдады. Бұл жаңалықтар Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нотариат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда жазылған. Құжат Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен өткен Сенат отырысында мақұлданды.
«Қабылданған заң елімізде нотариат институтын одан әрі жетілдіруді көздейді. Қазіргі таңда Қазақстанда бұл салада жұмыс істейтін төрт мыңнан астам нотариус бар. Осы заң халыққа нотариаттық қызмет көрсету кезінде цифрлық технологиялардың қолдану аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, нотариаттық қызметке қойылатын талаптарды күшейтуге құқықтық негіздер қалыптастырады», деп атап өтті Сенат Төрағасы.
Мәулен Әшімбаев сонымен қатар нотариат қызметі кезінде адамдар мен бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау деңгейін одан әрі арттыру заңның негізгі мақсаты екенін атап өтті.
Депутаттар сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы ЮНЕСКО аясында Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығын (2-санат) құру туралы келiсiмді ратификациялау туралы» заңды да қабылдады (2-санат). Осы құжатқа сәйкес, біздің еліміз ЮНЕСКО-ның мәдениетаралық диалог саласындағы саясатын әзірлеуге қатысуға мүмкіндік алады. Ал қазіргі "Мәдениеттерді жақындастыру орталығы" республикалық музейінің негізінде ЮНЕСКО аясында Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық орталығы құрылатын болады.
Сенаторлар бүгін Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа қатысуына қатысты халықаралық құжаттарды да ратификациялады. Оның ішінде: «2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы», «2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы», «2014 жылғы 12 қарашадағы Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімге Армения Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы», «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сербия Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдар бар.
Сенаторлар отырыста депутаттық сауалдарды да жария етті. Нариман Төреғалиевтің сауалында Батыс Қазақстан облысындағы бірқатар аудандарды сумен жабдықтау мәселелері баяндалған. Сенатор Ольга Перепечина білім беру жүйесіндегі, оның ішінде "Күнделік" порталының жұмысындағы қиындықтар туралы мәселені көтерді. Сенаторлар Сағындық Лұқпанов пен Сергей Ершов теміржол саласындағы бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Ал депутат Андрей Лукин ломбардтардың қызметіндегі құқық бұзушылықтар мен оларға және микроқаржы ұйымдарына бақылауды күшейту қажеттігіне назар аударды.