• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қаңтар, 2021

Өскеменде алғашқы атыс жаттығуы өтті

467 рет
көрсетілді

Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған бозбала бірінші әскери форма киюді арман етсе, екіншіден қолына қару алып, сапта жүруді мақтан етеді. Қару демекші, Өскемен гарнизонында әскери техникалық мектебінің курсанттары алғаш рет әскери қарудан оқ ату жаттығуларын орындады, деп хабарлайды Egemen.kz

Әскери өмірге қадам басқан жас жеткіншектер аталмыш жаттығулар барысында атыс қаруын пайдалану мен дұрыс дәлдеп атуды үйренді. Атыс жаттығуының аға жетекшісі, майор Саят Молдаханов пен запастағы капитан Медет Сейітқұмаров, запастағы аға лейтенант Дархан Қасымов курсанттарды атудың әдіс-тәсілдеріне баулып, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын жіті қадағалады.

Облыстың әр өңірінен келген әскери-техникалық мектептің курсанттары арасынан атыс жаттығуын орындауда жоғары нәтижеге қол жеткізген 1-взвод курсанттары Ақжол Қалымұлы, Данияр Нұрұмқанов, Константин Скориков және 2-взвод курсанттары Сергей Немченко мен Қанат Құсманғазинов болды.

– Әскери өмірдің тыныс-тіршілігіне үйреніп қалдық. Бүгін алғаш рет атыс қаруын қолымызға алып, жаттығуларды орындадық. Атыс жаттығуының нәтижесінде жоғары ұпай жинап, жақсы баға алдым. Қырық күндік курсты тәмәмдаған соң келісімшарт бойынша әскери қызметке бару жоспарымда, деді әскери-техникалық мектебінің курсанты Ақжол Қалымұлы.

Бір ай ішінде стандартты бағдарламалар бойынша курсанттар әр түрлі жаттығуларға қатысып, біліктіліктерін, білімдерін шыңдай түспек.

ӨСКЕМЕН