ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстан Республикасы Президентінің Экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесшісі Сума Чакрабартимен кездесті. Бұл туралы Egemen.kz СІМ сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесу барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестицияларды басқару жүйесін реформалау, атап айтқанда инвестициялық климатты жақсарту, инвесторлардың құқықтарын қорғау және шетелдік инвестицияларды тарту тетіктерін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша пікір алмасылды.
Сондай-ақ, Үкімет шешімдерін қабылдау талап етілетін инвесторлардың проблемалық мәселелері талқыланды. С. Чакрабарти Қазақстанның азаматтық қоғамының қатысуымен ҚР СІМ жанындағы консультативтік-кеңесші органның жұмысын жоғары бағалап, сондай-ақ бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту туралы идеяларымен бөлісті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогты тұрақты негізде жалғастыру туралы уағдаласты.