Облыстық полиция департаментінде өткен жылды қорытындылаған онлайн отырыс болды. 2020 жылы барлығы 4766 қылмыс тіркелген. Бұл алдындағы жылдан 25%-ға азайды деген сөз. Полиция қызметінде қылмыстың алдын алуға және ашуға, әсіресе ауыр және аса ауыр түрлерін ашуға ерекше назар аударылды. Барлық қылмыс түрлерінің саны азайды, оның ішінде адам өлтіру, денсаулыққа зиян келтіру, қарақшылық, тонау бар.
Ішкі істер органдары жүйесі үшін 2021 жыл құқық бұзушылықтардың алдын алу және «жұртқа жақын полиция» қағидатын қамтамасыз ету жылы деп жарияланды. Осы орайда полиция жүйесінің сапалық өзгеруі басым міндет, яғни сервистік, ашық болуы және адамдардың өтініштеріне жедел ден қою қажет екені айтылды.
«Басшылардан әр қызметкерге қызметтік және әскери тәртіпті бұзғандарға ешқандай аяушылық болмағанын және болмайтынын жеткізуді сұраймын. Бұл еліміздің басшылығының, министріміздің ұстанымы және менің жеке пікірім. Мен сіздерге заң шеңберінде өзіміздің қатарымызды лайықсыз қызметкерлерден тазарту жөніндегі жұмысты жалғастыру үшін барлық өкілеттіктерді беремін», деді өзінің сөзінде ПД бастығы, полковник Марат Төлебаев.
Отырыста өздері басшылық ететін бөліністің жұмысындағы көрсеткіштердің төмендеуіне жол берген басшылар тыңдалды. Алдағы жылы полиция қызметіне цифрландыруды, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қағидаттарын сенімді енгізу бойынша көптеген жұмыс күтіп тұр.