Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру – қоғамдық санамызға мықтап қозғау салған тарихи шешім. Тоқталған әліпбиіміздің соңғы нұсқасы да мәдени жұртшылықтың назарында тұр. Қазақ тілі емле ережесін жасаудағы басты және қосалқы ұстанымдар қандай деген сауалға жауап алып, кейбір түйінді мәселелерді оқырманға нақты мысалдармен, ғылыми негізге сүйене отырып тарқатып беру үшін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанмен әңгімелескен едік.
– Анар Мұратқызы, Президентіміз латын графикасындағы әліпбиге көшу мәселесінде асығыстық танытуға болмайтынын, ұлт үшін тағдыршешті бастамада науқаншылдыққа жол берілмеуі керектігін баса айтып келеді. Десе де латын қарпіне көшу бүгін немесе кеше туындаған бетбұрыс емес екені белгілі. Әліпби дайындау ісі кемеріне жақындады, нақты пісіп-жетілді деп айта аламыз ба?
– Жаңа әліпбиге көшу мәселесі өткен ғасырдың 90-жылдары тұңғыш рет қоғам талқысына ұсынылды. Оның бастамашысы академик Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар болды. Сол кезден бері бұл мәселенің қоғамда талқылануы тоқтаған жоқ. Саяси шешім 2017 жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында шықты. Елбасының Жарлығымен 2018 жылы акут негізді әліпби бекітілді. Бұл жалпыхалықтық реформа о бастан-ақ демократиялық принципті берік ұстанды. Сөйтіп, 2019 жылдың қазанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халық тарапынан акут әліпбиге қатысты жұртшылық сынын ескеріп, ғалымдарға әліпбиді қайта жетілдіруді тапсырды.
Ғалымдарымыз Президент тапсырмасын зор жауапкершілікпен орындады. Әліпбиді жетілдіру бойынша жұртшылық тарапынан сыналған әрбір таңба ғылыми тұрғыдан тексерілді, соның негізінде кейбір қолайсыз деп танылған таңбалар ауыстырылды. Жетілдірілген әліпби жобасындағы әрбір әріптің ғылыми негіздемесі жасалды. Жобаны әзірлеу кезеңіне отандық қана емес, әлемдік деңгейде қазақ тілін ғылыми тұрғыда зерттейтін бірден-бір мекеме Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жауапты болса, әліпби жобасын апробациядан өткізу кезеңіне «Тіл-Қазына» орталығы жауапты болды. Институт ғалымдары тарапынан ұсынылғанымен, жоба отандық ғылыми қауымдастық мақұлдауынан өтуге тиіс, сондықтан еліміздің беделді тілтанушылары мен филологтерінен тұратын Орфографиялық жұмыс тобында жоба талай талқыдан өткізіліп барып, әбден қырналып, түзеліп бекітілді.
Ендігі кезекте жетілдірілген әліпби жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Қазақ тілін кириллицадан латынграфикалы әліпбиге көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия қарауына тапсырылады. Бұл жаңа әліпбиді бекіту кезеңі жақын екенін көрсетеді, сондықтан оны қолданысқа енгізуді бастау шараларының ауылы да алыс емес. Қоғам бұған әбден дайын, әсіресе жастар арасында цифрлы техника арқылы қарым-қатынаста латын әліпбиі әлдеқашан кеңінен қолданылып жүргені белгілі. Сол себепті, біздің болжамымызша, қоғам жаңа әліпбимен жазуды жылдам игеріп кете алады.
– Латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің өздеріңіз әзірлеген соңғы нұсқасына нақты қандай өзгерістер енгізілгенін атап өтсеңіз?
– Жетілдірілген әліпби жобасы академик Әбдуәли Қайдардың алғашқы жобасынан бастау алады. Мұны әзірлеуге отандық беделді тілтанушылар, соның ішінде академик Рәбиға Сыздықтың жазу теориясы бойынша ғылыми мектебінің өкілдері – әліпби түзу, емле жасауға қатысты тіл ғылымының арнайы салалары грамматология, фонетика, фонология, ортологиялық кодификация, жазу теориясы мен тіл мәдениетінің мамандары қатысты.
Жобаның теориялық негіздері Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жүргізген ғылыми-зерттеулер аясында жасалды. Жаңа әліпби мен емле А.Байтұрсынұлы негізін қалаған ұлттық жазудың басты принциптерін негізге алды. Әлемдік жазу тәжірибелерін ескерді.
Жетілдірілген жаңа әліпби жобасында 31 таңба бар, диакритика саны: 4: умлаут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧), бревис ( ̌ ); диакритикамен берілген әріп саны: 6 (ä, ö, ü, ğ, ū, ş); «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес, диграфтар жоқ; ұлттық тілдің 28 дыбысын толық қамтиды; шеттілдік сөздегі дыбыс таңбасына Vv (в), Ff (ф), Hһ (х) әріптері алынды;
Негізгі артықшылығын атайық. Біріншіден, дыбыстардың әртүрлі қасиетіне жеке диакритика алынды. Бұл оқылымды жеңілдетеді, тілдің дыбыс қорының әліпбиі жүйесіндегі көрінісін бедерлейді.
Екіншіден, халықаралық тәжірибе ескерілді. Мысалы, халықаралық латын жүйесінде умлауттың бір ғана мағынасы бар – дауысты дыбыстың жіңішкелігін білдіру.
Үшіншіден, кирилдегі У әрпінің орнына еріндік дыбысқа жүретін U таңбасы, ал И, Й орнына і таңбасы алынды. Бұл У мен И дыбысы бар сөздердің мәтін ішінде бірден танылуына ыңғайлы: uran, vakum; uaqyt, sauda, juu, tuu; іne, jіyn, kögoraі, aіdar; іnstіtut, inovasia, titul. Шеттілдік сөздерді халықаралық жазу кеңістігіндегі тұрқына ұқсас таңбалайды: universitet, respublika, turizm. Бұл әлемдік білім кеңістігімен интеграция үшін қолайлы.
Төртіншіден, мектеп оқушылары мен шеттілдіктердің әріп тануына, оларға тіліміздің дыбыстық жүйесін жылдам әрі тез үйретуге ыңғайлы.
Бесіншіден, жазба коммуникацияны жеңілдетеді. Диакритикамен берілген әріптердің барлығының жалпы жиілігі өте төмен, яғни олар көп болмайды. Мысалы, ä (ә), ö (ө), ü (ү), ū (ұ), ğ (ғ), әріптерінің 5-еуінің жалпы жиілігін қосқанда, ең жиі кездесетін жалғыз /а/ әрпінен төрт есе аз болады. Жиілігі жоғары ш дыбысына диакритикасы әріп астынан түсетін, қолды жолдан үзбей жазуға болатын /ş/ әрпі алынды: Şämşı, şеşım. Қолжазуға ыңғайлы, көзшалымға қолайлы.
Бүгінде тілтанушы ғылыми қауымдастықтың көпшілігі, қалың жазарман мен оқырманның басым бөлігі осы жобаға тоқталып отыр.
– Жаңа ережеміздің ерекшелігі ретінде нені айтар едіңіз?
– Емле жобасы бірнеше кезеңде әзірленді:
1-кезеңде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Емле ережелерінің ғылыми тұжырымдамасын әзірледі. Онда:
– емле халық тілінің дыбыстық қор әлеуетін кеңінен қамтуы;
– базалық нормаларды сақтауы тиіс. Мұнда базалық деп, әліпбилер ауысса да өзгермейтін, ұлттық тіл заңдылықтарына сәйкес қалыптасқан тұрақты жазу нормалар жүйесін айтамыз.
– жаңа емле қолдануға оңтайлы, техникалық жақтан мобильді, жинақы болуы керектігі негізделді.
2-кезеңде тұжырымдамаға сәйкес институт емле жобасын әзірледі;
3-кезеңде «Тіл-Қазына» орталығы емле жобасын мәдени жұртшылық арасында түрлі сынамадан, сараптамадан өткізді. Сынама жұмыстары емлені жетілдіруге көптен-көп септігін тигізді.
Емле ережелері 9 тараудан тұрады: Әріптер емлесі (42 әріптен 32 әріп емлесіне қысқарды, баламалары табылды); түбір мен қосымшаның; бірге, бөлек, дефиспен жазылатын сөздердің; бас әріп пен қысқарған сөздердің емлесі; кірме сөздердің және тасымал емлесін қамтиды.
Жаңа емледегі жаңалықтарға тоқталайық. Біріншіден, барлық сөздердің графикалық бейнесі (кескіні) жаңарды (мысалы: Qazaqstan, täuelsızdık, ruhani jaŋğyru). Жазу принциптеріміз негізінен сақталғанымен, сөздердің жазба мәтіндегі кескіндері басқа – «латынша» тұрпат алды.
Екіншіден, шеттілдік сөздердің орфограммасы өзгерді (мысалы: prodüser, büdjet, аnsämbl, piesa, subekt, konünktura, vedımıs, film, festiväl, älbom, menejer, profesor, pedagog, dialog. Емленің бұл тарауы дәстүрі берік қалыптасқан, озық әлемдік жазулардың тәжірибесіне сүйеніп әзірленді. Жаңа емле бойынша шеттілдік, «өзге» сөздер, бір жағынан, ұлттық сипат алды. «Қазақтың шапанын киіп», «өзіміздікіне» айналса, екінші жағынан, тұпнұсқа тілге тұрпаты ұқсап, әлеммен құрмаласа түсуге жол ашты. Міне, бұл – ұлттық жазуды креативтендіру арқылы рухты жаңғыртудың жолы.
Латында жоқ орыстың Ë, Ц, Щ, Э, Ю, Я, Ь, Ъ әріптерінің баламасы анықталды. Мысалы, Э орнына Е: element, epopeiа, Е (йо) орнына Ö жазылады: dirijör, rejisör. Ц бір таңбамен, S әріпмен беріледі: konsert, sirk. Сөз басындағы және төл сөздердегі Ю – iu: İupiter, aiu, Я – ia әріп тіркесімен: İalta, qoian, ал дауыссыз дыбыс таңбасынан кейін Ю әрпі қазақшаланып ü: tüniŋ, büro, Я әрпі сәйкесінше ä-мен таңбаланады: zaräd. knäz, айыру белгісі түсіріледі: feldeger, adektiv, жіңішкелік белгі тұрған буындағы дауысты дыбыс жіңішке сыңарының таңбасымен жазылады: pälma, mültfilm, älmanah. Шеттілдік сөздер ықшам әрі оңтайлы жазылады.
Қорыта айтқанда, ережеде күнделікті қолданылатын сөздердің, сол сияқты атаулар мен терминдердің ұлттық сипаттағы үлгісі ұсынылып отыр. Бұл үлгілер мыңдаған сөздердің сауатты жазылуына негіз болады. Сөйтіп, санада орнығады, ықшам, оңтайлы, креативті жаңа ұлттық жазудың негізі қаланады. Жаңа әліпби мен емле қоғамымыздың жазу мәдениетін арттыру арқылы мемлекеттік тілдің қолданысын жеңілдетеді.
– Сіздіңше латын қарпіне өткеннен кейінгі процесс қалай өрбімек?
– Халықаралық тәжірибеде әліпби ауыстырған елдердің барлығы жаңа әліпби мен емле ережелерін жоғары нормативтік негізде бекіткен. Тіпті қазіргі қолданыстағы ережелер де 1983 жылы Президиумның жарлығымен бекітілген. Сондықтан ғалымдар жаңа әліпби сияқты жаңа емле де Президенттің Жарлығымен бекітілгенін күтеді. Ия, алғашқы кезеңде жаңа жазуға көзшалым үйреніп, қолдағды қалыптасқанша аздаған дискомфорт болуы, әрине мүмкін. Алайда болашақ үшін, тіпті қазіргі замандасымыз үшін де ұтарымыз көп. Мұның тек қазіргі кезде өзекті бірнешеуін атайық:
– қазақша ойлайтын, шетсөзді өз тілінің икеміне қарай өзінікіндей бейімдеп алатын ұлттық сананың қалыптасуына жазу арқылы жол ашылады;
– тіліміздің сырттан келген әсерді игеріп алатын иммунитеттік тетіктері іске қосылады, тіл жаңғырады;
– 5-6 жастан сауат ашқан бүлдіршін ана тілінде жазып-сызу үшін бұрынғыдай төл әрпімен бірге бөгде әріптен тұратын 42 таңбалы әліпбиді, орыс тілінің Щ, Э, Ъ, Ь сияқты басқа да әріптерінің емле ережелерін қоса үйреніп, уақыты мен қуатын жоғалтпайды. Оның орнына небәрі 31 әріптен тұратын, ана тілінің барлық дыбысын қамтыған, сонымен бірге кез келген бөгде сөзді өз тілінде жазуға икемді әліпбиді үйреніп шығады;
– қазақ ұлттық әліпбиімен жазылған мәтіндер латын әліпбиін қолданатын қауымдастық үшін оқылатын деңгейде болады, қазақ сөздерінің оқылымы олардың ауызша сөздегі дыбысталуына жақындайды;
– әлемдік графикалық кеңістікте қазақ мәтіндерінің көзшалымға икемділігі еліміздің имиджінің көтерілуіне, халықаралық экономикалық дискурсқа құрмаласуына оңтайлы жағдай туғызады.
Әңгімелескен
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»