Былтыр кітапсүйер оқырманның қолынан түспей оқыған һәм кітап дүкендерінде де көп сатылған «Qasym kitaphanasy» сериясымен шыққан кітаптар болды.
Қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік шығармалар мен әлем әдебиеті жауһарларының үздік аудармаларын басып шығаруды мақсат тұтқан жоба 2020 жылдың басында қолға алыныпты. Жоспар бойынша былтыр «Qasym» баспа үйінен 50 кітап жариялану керек-ті. Алайда шартарапты шарлаған коронавирус пандемиясына байланысты 22 кітап басылып шыққан. Әрқайсысы 1000-2000 данамен жарияланып, кей оқылымды кітаптар 2-3 рет қайта басылыпты.
Ал жарыққа шығатын кітаптардың тізімі жазушы, кітапханашылармен ақылдасып шешіледі екен. Баспа қазақ әдебиетінің ең жақсы шығармалары мен әлем әдебиетінің қазақ тіліндегі сәтті аудармаларынан бөлек тиісті қаламақысын төлеп, арнайы аудармалар да жасатады. Мәселен, аудармашы Кенжебай Ахметов М.Булгаковтың «Ит жүрегі», Л.Толстойдың «Өмір туралы» (алдағы уақытта шықпақ) шығармаларын аударды. Бұдан бөлек Тәкен Әлімқұловтың 60-жылдары аударған «Кішкентай ханзадасы» да (авторы Антуан де Сент-Экзюпери) бар. Сондай-ақ Бердібек Соқпақбаевтың ең соңғы жазылған шығармасы «Ергежейлі еліне саяхат» алғаш кітап болып шығып отыр.
Қазақ әдебиетінің 50-жылдардан бастап 80-жылдарға дейінгі кезеңінде әлем әдебиетінен көптеген аударма жасалды. Бірақ тәуелсіздік жылдарынан бері ол шығармалар кітап болып қайта басылып шыққан жоқ. «Qasym kitaphanasy» сериясының көздеген негізгі мақсаттарының бірі де осы. Және қазақ һәм әлем әдебиетінің жақсы аудармалары мен шығармаларын бір серияға жинау.
Айта кетейік, бұл жобамен басылып шыққан кітаптар отандық кітап дүкендерінде және «Akel.kz» интернет кітап дүкенінде де сатылады.