Аумақтарды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, цифрландыру және адами капитал – 2021 жылға арналған еліміздің экономикалық күн тәртібінің басты бағыттары. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді.
Қазақстан мен бүкіл әлем үшін 2020 жыл экономикалық және әлеуметтік дамудың күрделі кезеңіне айналды. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша 2020 жылы әлемдік ІЖӨ шамамен 4,3 пайызға төмендеді. Қазақстанда өткен жылы ІЖӨ 2,6 пайызға қысқарды. Сонымен қатар қазақстандық ІЖӨ-нің жартысынан астамын құрайтын қызмет көрсету саласы халық табысының төмендеуі мен тұтынушылық сұраныстың әлсіреуінен 5,6 пайызға азайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ұлттық экономика үшін аса маңызды мәселелер қаралып, 2021 жылғы даму басымдықтары белгіленді.
Мемлекет басшысы еліміздің аумақтық дамуына ерекше назар аударды. Атап айтқанда, еліміздің көптеген өңірлерінде сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету әлі де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Пандемия салдарынан болған дағдарыс кезінде бизнесті қолдау мен жұмыс орындарын сақтап қалу да аса маңызды. Сонымен қатар отырыста Мемлекет басшысы жеке кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған шаралардың бірі ретінде онлайн кассалық аппараттар мен POS-терминалдар қолданған бизнес өкілдерін салық туралы есепті ұсынудан босатуды ұсынды.
Одан бөлек тұрақты ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым құру да күн тәртібінде екені белгілі. Статистика деректері бойынша жоғары жылдамдықты интернетке қосылу деңгейі тұрақты өсу динамикасын көрсетіп отыр: 2015 жылғы 66,2 пайыздан 2019 жылы 86,8 пайызға дейін. Сонымен қатар интернетке қолжетімділік әлі де көңіл көншітпейді. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының цифрлы технологияларды қолдану кезінде қиындықтарға тап болып, өз мүмкіндіктерін толығымен қолдана алмауына әкелді. Адам капиталының дамуы да мемлекет назарынан тыс қалмайды. Үкімет отырысында күрделі кезеңдегі басым бағыттар мен алдағы жоспар нақтылана түсті.
Анна АЛЬШАНСКАЯ,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері