• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Руханият 29 Қаңтар, 2021

Тоқығаннан оқығандар кем бе?

700 рет
көрсетілді

Атам қазақ: « Сөз қадірін білмеген – өз қадірін білмейді» деп, сөз киесін қызыл-жасыл бөз бағасынан жоғары қойған. «Аларым кетсе кетсін, айтарым кетпесін» деп, «Жүректің сөзін сөйле, тіл» (Абай) деген. Осы жүрек сөзін сөйлегенде, аталы сөзден аттап, атасыз сөзді жақтағандар неге азаймайды? Әлде бөздің құдіреті жүріп тұрғанда, сөз неге керек дей ме екен?

«Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады», «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді», «Қылыш жарасы бітеді, тіл жарасы бітпейді», депті бұрынғы жақсылар. Бүгінгі шұбар тілділер, сол тілдің тасты тесіп, басты жаратынын, еттен өтіп сүйекке жететінін, қылыш тиген жер әрі кетсе тыртық болып қалатынын, сөз жарасы ұрпағына таңба екенін ұқпайтын да, бықпайтын да секілді. Тіпті олар ту тіккенімізге биыл үш он жылдық болатынын: қызметтің буымен, дәулеттің сән-салтанатымен, көтермелеудің думанымен, өзім білемін кеудемен білмей қалған ба деймін? Анау бодан кездің өзінде тілін, өнерін пір тұтқан қазақтың асыл қасиеттеріне тамсанған әлемдік деңгейдегі білімпаздар, олардың Демосфендері мен Цицерондары – Төле, Қазыбек, Әйтеке билер деп бағалағанын тарихтан біліп, бабалары­мыздың осал еместігіне марқайсаң, бүгінгі кейбір жетесіздікті көргеннен кейін бе екен, италиялық саяхатшы Реналью Гаспирин­нің: «Мен әлемнің 141 елін аралаған адаммын. Солардың ішінде өз мемлекетінде өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім. Ол – қазақтар» дегенін оқығанда, көңілің су сепкендей басылады. Ауыр сөз – сүйектен өтіп, жүректі шабақтайды. Шіркін, жалған сөздің де, жалпақтаудың да, көпіртудің де, көлгірсудің де көкесін көрсетіп жүргендер алдағы сөзді түйсініп, намыстары оянса, қане. Әлде кейбіреулер үшін «Қайран тіл, қайран сөз, наданға қор болып» (Абай) қала бере ме?

Тіл тағдырының бұлай көкпарға түсуіне өзге емес, өзіміз кінәліміз.Тіліңде сөйлеме деген кім бар? Басқалар иықтан басып тұр дей аламыз ба, жоқ. Ол кезең келмеске кетті. Аталар аңсаған күнге жеткенде, шешендіктің биігінен сөйлеп, кезі келгенде дауды да, жауды да екі ауыз сөзбен тоқтатқан, телі мен тентекті тырп еткізбеген сол ақылмандар тілінің тілім-тілімін шығарып, құдіретін ұқпайын балдыр-батпақ, жасанды салдырлаған сақаулардың, келбетіне қарасаң бір кемелдей, сөзіне зер салсаң тілі жаңа шыққан баладай былдыр-шүлдірлердің құнсыз «құралына» айналдырып бара жатқанымыз ұлтқа сын болып тұрғаны ақиқат. Бір қарасаң, тіл қарапайым халыққа қана керектей көрінеді. Тізгін ұстағандар, сол маңда жүргендер көш жүре түзеледімен келе жатқандай. Санасы қызыл идеологиядан ада деп жүрген тәуелсіз елдің бір шоғыр жастары сол ескі сарынның соқпағында қалып бара жатқандай.

Мемлекеттік тіл ел тіліне, жалпы жұрт тіліне жеткізуді Елбасы Н. Назарбаев кезінде ашына айтып, естір құлаққа жеткізгені бар. Бірақ ол да жетеге жете қоймады. Ескі жолмен әлі салып ұрып келеді. Оларға еліктегендер де қалар емес. Президент Қ.Тоқаев: «Мәселе –ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты», деді. Ендеше, осы үдеден қалай шығуға болады?

Біріншіден, мектептегі, әсіресе, орыс мек­тебін­­дегі қазақ тіліне жете мән беру керек. Екін­ші, оқу­лықтағы олқылықтарды оңалту­ға тиіс­тіміз. Жаңа заманға, өркениетті елге елік­тей­­міз деп жүйесі бар дүниені жүндей түтіп, ұй­па-тұй­па­сын шығардық. Сауатсыз қал­ған ха­лықт­ың сауатын ашатындай «Сауат ашу» кі­тапсы­мағын тықпалап едік, шикілігі шық­ты. Бай­тұр­сын­ұлының «Әліппесіне» қайта бет бұр­дық. Бұ­ған шүкір дейік. Жалпы, бұрынғы шын зия­лы­лар жазған оқулықтарды сараптан өткі­зіп, жақ­сы­сын «Әліппедей» қайта оралтудың пай­дасы бол­маса, зияны жоқ секілді. Ол оқулық­тардың тілі жатық, келтірілген мысалдар түсін­уге, жат­­тауға өте ыңғайлы еді. Осы күнгі оқу­лық­тар­­ды бала, ата-ана ғана емес, кейде мұға­лім­дер­­­дің өздері де түсіне бермейтіні айтылудай ай­­ты­л­ып келеді. Осы кесел неден шығады, көп жағ­­­дай­да бала жайы сыртта қалып, оқулық жазып ав­тор атануға, сөйтіп, абыройға кенелуге, табыс табу­ға орынсыз ұмтылудан. Бұл тыйылмаса, ұр­­пақ­тар ара­сындағы сауатсыздық белең ала береді.

Үшінші, кеңес кезіндегідей, жоғары оқу орын­дарының, өзге де білім мекемелерінің бәрін­де мемлекеттік тілді жүйелі оқыту қажет­тігі туындап отыр. Бұл барлық жастардың мектептен кейін де қазақ тілі жүретінін біліп отыратынына жол ашар еді.

Сонымен, оқымағанмен тоқығаны мол баба­лары­мыздың тілін құрметтеуі, тұнық ойы туралы бас­қалар сүйсініп жазып кетсе, оқығаны көп бүгін­гі ұрпағының тіл сұйықтығына күйінгенін аң­ғар­тып, аз-кем ой айттық. «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі – көш басын да алып жүре алмайды» бұл арысымыз Әлихан Бөкей­ханның сөзі. Осыны биліктегі азаматтар, халық қалаған қалаулылар санасына қарауыл етіп ұстаса, қалың қауым жандарынан табылары хақ.