Шығыс Қазақстан облысында 350-ден астам медицина қызметкері COVID-19-ға қарсы вакцина егу бойынша оқудан өтті, деп хабарлайды Еgemen.kz
Бұл туралы баспасөз мәслихаты барысында ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ли мәлім етті.
«Елімізде соңғы екі айда эпидемиологиялық жағдай нашарлап кетті. Қазақстан коронавирус жұқтыру көрсеткіші бойынша «қызыл» аймаққа кірді. Бірақ Шығыс өңірі әзірше «жасыл» аймақта тұр. Қауіпті дерттің таралуын азайту үшін көптеген шаралар қабылдануда. Оның ішінде 1 ақпаннан басталатын вакцинация коронавирус инфекциясын жұқтырғандарды төмендетуге және шектеу шараларын жеңілдетуге мүмкіндік береді», деді ол.
«ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық процедура, оның ішінде вакцинация екпе салынатын азаматтардың келісімімен ғана жүргізіледі.
«Қазіргі уақытта дайындық жүріп жатыр. Ақпан айының басында вакциналарды тасымалдау және сақтау үшін облыстың барлық медициналық мекемелеріне 16 биомедициналық мұздатқыш пен көп рет қолданылатын термотіркегіші бар 60 термоконтейнер сатып алынады. COVID-19-ға қарсы вакцинацияны ұйымдастыру және егу бойынша 358 медицина қызметкері оқудан өтті», деп атап өтті Владимир Ли.
Сонымен қатар, вакцинация кезеңінде мониторинг жүргізу және әдіснамалық көмек көрсету үшін арнайы комиссия құрылып, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының басшылары қатарынан жауапты тұлғалар белгіленді.