Алматыда барлық емдеу мекемелерінде медициналық қоқысты зарарсыздандыратын цехтар ашылатын болды. Бұл туралы қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды Еgemen.kz
Санитарлық дәрігердің айтуынша, қалада медициналық мекемелерде медициналық қоқысты зарарсыздандыратын арнайы цехтардың құрылысы басталған. Яғни, медициналық қоқыстар енді қашық жерлерге тасымалданбайтын болды.
«Пандемия басталғалы бері жеке қорғаныс құралдарын жою мәселесі өзекті болып тұр. Бұрын медициналық қоқыстар сыртқа шығарылып өртелетін. Қазір емдеу мекемелерінің қасынан зарарсыздандыру цехтары салынып жатыр. Тасымалдауды қажет етпейтін жою жүйесі қазір инфекциялық ауруханаларда тиімділігін көрсетуде. Жақында осындай цехтар 15 емдеу мекемесінде пайда болады», деді Жандарбек Бекшин Atameken Business телеарнасының тікелей эфирінде.