Елімізде зейнетақы жинағындағы қаражаттың бір бөлігін пайдалануға рұқсат етіліп, арнайы онлайн платформа қолданысқа енгізілгелі бері жалпы сомасы 151 млрд теңгені құрайтын 27 240 өтінім келіп түскен, деп хабарлайды Egemen.kz.
БЖЗҚ-ның хабарлауынша келіп түскен өтінімдер 5 жұмыс күні ішінде «Отбасы банкі» АҚ-дағы салымшылардың арнайы шоттарына аударылады. Аударымның орташа сомасы 5,5 млн теңге. БЖЗҚ заңнама талаптарына сәйкес келмейтін 2 578 өтінімді (27 пайыз) қабылдамай тастаған. Бұл орайда қор өтінімдерді қабылдамаудың негізгі себептерін атайды.
Өтініш берушінің алуға қолжетімді зейнетақы жинағы жоқ (қабылданбаған өтінімдердің 42 пайызы), сұралып отырған сома зейнетақы жинақтарының алуға болатын сомасынан асып түседі (38,2 пайыз), бұрын берілген өтінім бойынша қайта берілген сұраныстар (19,4 пайыз), өтініш берушінің БЖЗҚ-да зейнетақы жинағы мүлде жоқ (0,4 пайыз).
«Зейнетақы жинақтары туралы ақпарат «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес зейнетақы жинақтарының құпиясын қамтамасыз ету мақсатында салымшының өзіне ғана беріледі.
Қолжетімді сома туралы ақпаратты enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мобильдік қосымшасы арқылы уәкілеті операторға біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға тікелей өтінім берер алдында мұқият тексеруге кеңес береміз. Салымшының БЖЗҚ-да жеткіліктілік шегінен асатын сомасы болған жағдайда, оны пайдалануға өтінім шексіз рет берілуі мүмкін. Егер қандай да бір себеппен (толтыру кезіндегі қателер, дұрыс көрсетілмеген сомалар, төлеуге қолжетімді соманың өзгеруі және т. б.) салымшыға біржолғы зейнетақы төлемін алуға арналған өтінімді қанағаттандырудан бас тартылса, онда бас тарту себебін жойып, уәкілетті операторға қайтадан өтінім беруге болады. Егер салымшы өз жинақтарын әртүрлі мақсаттарға пайдаланғысы келсе, онда алуға болатын сома шегінде осы мақсаттарға жеке өтінімдер беруге болады» делінген қордың ресми сайтындағы хабарламада.