Кеше Риддер полиция бөлімінің «102» жедел арнасына қалалық аурухана медбикесінен 70 жастағы тұрғын дене жарақаттарымен травматология бөліміне жүгінгені жөнінде хабарлама түсті.
Оқиға орнына тез арада жедел-тергеу тобы жіберілді. Жәбірленушінің айтуынша, 14 қаңтарда шамамен кешкі сағат ондар шамасында, үйіне бетперде киген белгісіз екі ер адам кіріп, соққыға жыққан. Содан кейін бар-жоғы 7000 теңге ақшасын ұрлап кеткен.
- Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Риддер қаласының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері, ШҚО полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, 33 және 44 жастағы күдіктілерді ұстады. Қылмыскерлер өз кінәсін мойындады, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.Қылмыскерлер Риддер қаласының ПБ-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды.ҚР ҚК 192-бабы 3-бөлімі (Қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.