Бүгін облыстың бас санитар дәрігері Мәдениет Танауов жаңа қаулыға қол қойды. Онда І курс студенттерінің штаттық режимде оқуына рұқсат беріліп отыр.
«Дәстүрлі форматтағы контингенті 300 оқушыға дейінгі қалалық және ауылдық мектептерде сыныптардағы балалар саны 15 адамға дейін, жалпы білім беретін мектептерде кезекші сыныптарда 1-ден 5-сыныпқа дейін қоса алғанда, халықаралық мектептерде 7-сыныпқа дейін қоса алғанда ата-аналардың өтініші бойынша 15 баладан аспайтын сыныптардың жинақталуын сақтай отырып, оқытуға рұқсат етілсін» делінген қаулыда.
Сондай-ақ, білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімімен сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға, бітіруші сыныптар үшін (9, 11 (12) сыныптар) аптаның 6 күнінде аралас оқытуға, соның ішінде пәндердің 70%-ын штаттық режимде, 30%-ын қашықтан оқытуға рұқсат берілді.
Ал, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының (колледждер) І курс студенттері мен жоғары оқу орындарының І курс студенттерін штаттық режимде оқытуға рұқсат етуге шешім қабылданып отыр.
Аталған қаулы 1 ақпанда сағат 00:00-де күшіне енеді.