Өскеменде жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың жүлдесіне арналған халықаралық турнир бүгін алтыншы рет өтті. Халықаралық жарыс болғанымен, әлемдегі жағдайға байланысты шетелден ешкім қатыспады, деп хабарлайды
Ашылу салтанатында хабарланғандай, турнирге Алматы, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының командалары қатысты.
Кеңейтілген жеңіл атлетика кешенінде өткен жарысқа әдеттегіден басқа екі спорт түрі қосылды. Тізе кетсек; ерлердің кедергілер арқылы 110 метр қашыққа жүгіруі, сергіту эстафетасы. Ал бұрыннан өтіп келе жатқан жеңіл атлетика түрлері; үш қарғып секіру, биіктікке секіру, сырықпен секіру, аралас эстафета, 400, 200, 800, 1500 және 60 метр қашыққа жүгіру.
Халықаралық деген аты бар жарысқа Ольга Рыпакованың өзі де қатысты.
– Жарыс жолына шықпағаныма көп уақыт болды. Бүгін жарыс атмосферасын сезінейін деп қатыстым. Мақсатым жеңіс емес. Өзім үшін Олимпиадаға дайындық болды. Былтыр спорт кешенімізге күрделі жөндеу жүргізілгендіктен, турнир өтпеген еді. Биыл елдегі жағдайға қарамастан рұқсат етілгеніне қуаныштымын. Өкініштісі, короновирус инфекциясына байланысты шетелден спортшылар келе алмады, – деді спортшы.
Жарысқа қатысқан 66 спортшының ішінен бабы мен бағы шапқандары тұғырға тұрып, марапатталып жатты. Жарыс жолына шыққандардың 35-і ерлер болса, 31-і әйелдер еді. Жүлденің негізгі бөлігі қарағандылық спортшылардың қанжығасына байланды.