• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Әлем 01 Ақпан, 2021

Вакцина дауы: уәде орындалмай тұр

188 рет
көрсетілді

Жақында Еуропалық Одақ вакцинаға қатысты даулы жағ­дайға тап болды. AstraZeneca вакцина өндірушісі тамыз айын­да келісілген 300 млн доза вакцинаны Еуроодақ елдеріне жеткізе алмайтынын мәлімдеген.

Оның үстіне компания реттеуші органдардың мақұлдауынан кейін тағы 100 млн вакцина беру мүмкіндігін қарастыруға уәде берген. Алайда өндірістегі қиындықтарға байланысты уәде етілген вакцина көлемі Еуропаға жетпейтін секілді. Наурызға дейін 100 млн доза вакцина алуы керек болған ЕО енді оның тек төрттен бірін – 25 млн дозасын алуы мүмкін. Одақ жетекшілері компаниямен жасалған келісімшартты жариялау арқылы AstraZeneca-ға қысым көрсеткісі келгенімен, вакцина өндірушісі Нидерланд пен Бельгия зауыттарындағы қиындыққа байланысты уәдесін орындай алмайтынын айтқан.

Осыған байланысты Еуропа­лық Одақ қатаң сынға қал­ды. Жазға дейін халықтың 70 пайызын вакциналау­ды мақсат еткенімен, шын мә­нін­де, өзге дамыған елдермен­ салыстырғанда ЕО көш со­ңында келеді. Жалпы, басқа­лармен салыстырғанда вакцина мәселесінде одақ асығыс­тық танытпаған. Мәселен, Ұлыбритания алғашқы COVID-19 вакцинасына 2 жел­тоқ­санда рұқсат берген. Ал ЕО бұл әрекетті тек ай соңында қа­былдаған. Осылайша, вак­цинаға рұқсат берудің өзі ұзаққа созылған. ЕО елдеріне вак­цинаның жетпеуі кеш жасал­ған келісімшарттармен де бай­ланысты болуы мүмкін. Ұлы­британия, АҚШ, Израиль және басқа да елдер вакцина өн­дірушілерімен келісімге әлде­қайда ерте келіп қойған. ЕО басшылығының кеш әрекеті бай­қаусыз қалмады.