• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Ақпан, 2021

Абақты күзеткен сарбаздар

772 рет
көрсетілді

Сұсты ғимарат, сұр қоршау. Ат шаптырымдай аумақты алып жатқан сұр қоршаудың сонау биігінен айнала керілген тікенекті сым. Арғы жағындағы тар қапаста – мынау қоғамда жаза басып, жазасын өтеп отырғандар. Мұнарадан қырағы көзбен жан-жағын барлап сарбаз тұр. Автомат асынған төрт-бесеуі тікенекті сым қоршаудың бойымен айналасын шолып келеді. Аса жауапты жұмыс арқалап жүрген олар – Ұлттық ұлан сапындағы сарбаздар.

Кез келген түзеу мекемесіндегі әскерилерге қырандай қырағылық керек. Қылмыс жасап, қамалған­дар­дың не ойлап жүргені өздеріне ғана аян. Сондықтан да түзеу меке­месін күзететін әскерилер әбден дайындықтан өтеді. Мұнда қару қолдану өз алдына, моральдық-психологиялық тұрғыдан әзір болмаса, қиындау. Алда-жалда біреу-міреу сытылып қашса, сарбаздар сасқалақтамай, ережеге сай қимылдауға тиіс. Оқиға болған орынға жету нормативтері де белгіленген. 100 метр жерге 30 секунд болса, бір шақырым жерге 5 минутта жету қажет. Тыңғылықты дайындықсыз, сауыт киіп, қару арқалап жүгіру оңай емес.

Кешегі абақтыдан қашқандар­ды ауыздықтаған Ербол Отар­баевтың, окопқа түскен гранат жарылысынан курсантты құт­қарып қалған Қайрат Үмбетовтің ерлік­тері – ел есінде. Солармен иық тірестіре қызмет еткен Ұлт­тық ұланның Шығыс өңірлік қол­басшылығына қарасты 6699 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, подполковник Мақсұт Жүсіпбеков әскери өмірдің қызығы мен шыжығын әңімелеп берді. 

– Қызметіміз қиын. Жауапкер­шілік жоғары. Сарбаздардың нағыз жауынгер болып шығуы үшін офицерлер, сержанттар оқытады, тәрбиелейді. Кейін қасиеттеріне, кәсібиліктеріне, оқу-жаттығудағы көрсеткіштеріне қарай бөлінеді. Бөлімде бес атқыштар ротасы бар. Бәрі түзеу мекемелерін күзетеді. Олардың үшеуі Өскеменде, екеуі Шемонайха мен Жаңғызтөбеде орналасқан. Бөлініске бөлінген соң әр күзету мекемесінің ерек­шеліктеріне қарай екі апта тағы дайындықтан өтеді. Кешегі жас бала – бүгін жауынгер, – дейді подполковник М.Жүсіпбеков.

Жас сарбаздар жауынгерлік қыз­метке түскен соң түзету мекеме­сінің ішіндегі тәртіпті бақылайды, істі болғандарды абақтыларға, тер­геу оқшаулағышына айдауылдай­ды. Мақсұт Жүсіпбековтің ай­туын­ша, қолға қару алған соң ара­­гідік сын сәттер болып тұрады. Қауіп­тің бетін қайтару үшін сарбаз кез келген тосын оқиғаға үнемі дайын жүреді.

– Әскери қызметтегі жиырма жыл ішінде оқыс жағдайлар көп болды. Атырауда лаңкестік топтарды қолға түсіру операцияларына қатыстым. Діни жат ағымда жүргендер қорқуды білмейді. Ондайда оқ атудан бұрын өз-өзіңе бекем болуды ойлайсың. Сондай жағдайда батырлық танытқан әріптестерімді кейінгі буынға үнемі үлгі етіп жүремін. 2011 жылы Балқаштағы 36-шы түзеу мекемесінен қашпақ болғандарды байқаған Бекжан Әлсейітов қару қолданып, тоқтатқан. Егер ол тоқ­­тататпаған жағдайда, бір топ қылмыскер қашып шығып, қоғам­ға қауіп төндірер еді. Отан алдын­дағы қызмет деген сол емес пе, – дейді Мақсұт Жүсіпбеков.

Қызылорда өңірінің тумасы, под­­полковник М.Жүсіпбеков сегізін­ші сынып оқып жүргенде-ақ әскери мектепке оқуға түскен. Сол жерден әскери өмірдің әліппесін меңгеріп, Петропавлдағы Ұлттық ұлан Әскери институтында білімін толықтырған. Әу бас­та әскери оқуға түрткі болған Түр­кияның жандармериясында оқып жүрген көршісінің баласы еді. Мақсұт мақсатына жетті. Бала арманы орындалды. Еңбек жолын Қазақстанның батысынан бастаған ол бүгінде елдің әр өңірінде қызмет етіп келеді. Қызмет бабымен Қазақстан кө­лемінде көшіп-қонып жүргеніне отбасысы да үйреніп алған. Бір қалада сәл ұзақ тұрақтап қалса, бала-шағасы «көшпейміз бе?» деп елеңдей бастайды екен.

Жалпы, Отан алдында борышын өтеу үшін сапқа тұрған сарбаздар әскери өмірге тез үйре­нісіп, келісімшартпен қызметте қалып жатады. Ұлттық ұлан Әскери институтында оқып, офи­цер­лік қызметке келгендер де жауынгерлік жұмысқа жауап­кершілікпен қарайды.

Сұсты дуалды бойлап, сарбаздарды бастап келе жатқан лейтенант Шыңғыс Әділбек те Петропавл қаласындағы әскери оқу орнының түлегі. Оқуын тәмамдап, дипломын алған соң бұйрықпен Шығысқа жіберілген. Жас офицердің 6699 әскери бөлі­мінде қызметке кіріскеніне көп бола қойған жоқ. Жоғары білім дип­ломын алған офицерлерді алға­шында взводқа басшы етеді. Уақыт өте алғырлығына, талабына қарай рота командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Содан кейін ғана ротаға командир болады.

– Әскер қатарында Отан ал­дындағы борышын өтеуге келген сарбаздарды жауынгерлікке тәрбиелеу­мен айналысамыз.­ Ай сайын атыс алаңында оқу-жат­тығу жұмыстарын жүргіземіз. Мұнда әскери тәртіп болғанымен, сарбаздардың көңіл күйіне, міне­зіне міндетті түрде қарай­лаймыз. Дема­лыстарын, туған күн­дерін ерек­ше етіп ұйымдастыруға тырысамыз, – дейді  лейтенант Шыңғыс Әділбек.

Жауынгерліктің қыр-сырын әбден меңгеріп барып, әскер сапына қызметке келген Шыңғыс Әділбектің бір міндеті де осы – бел­гіленген кестеге сәйкес қа­тар­­­дағы жауынгерлерді бас­тап, шақы­рымдарға созылып жат­қан түзеу меке­месінің аумағын бақы­лап қай­тады. Бақылап қана қайт­пай­ды, қоршаудың бойындағы әр метр­ге мән береді. Бұрын дуал мен тікенекті сым тартылған қор­шау арасындағы үш-төрт метр жолақ­пен ат жетектейтін. Сон­да ат­тың сезімталдық қасиетін айт­­­саңызшы, жер астынан үң­гіп қазылған тұстан секіріп өтеді екен. Қазір техниканың көме­гі­мен жер асты­ның қазылған-қазыл­маған­ды­ғын анықтайды.

Түзету мекемесінің төрт бұры­шын кірпік қақпай күзететін Ұлт­тық ұлан өрендерінің жұмысымен таныстық, сарбаздарымен әңгі­мелестік. Сөздері нық, ойлары орын­ды. Іштерінде құралайды көзге атқан сұр мергендер де, қар­­сы келгенді алып ұратындай ба­луан­­дар да бар. Берген антына сай қызмет етіп жүргендеріне риза бол­дық.

 

ӨСКЕМЕН