Түркістан облысына COVID-19 инфекциясына қарсы Ресейде өндірілген «Спутник V» вакцинасының бірінші партиясы, яғни 1300 дозасы жеткізіліп, барлық аудандарға таратылды. Вакцинаның сапасын қамтамасыз ету үшін арнайы 600 литрлік екі мұздатқыш камерасы бар. Бұдан бөлек ақпан айында сыйымдылығы 140 литр және 600 литрлік 20 мұздатқыш жеткізіледі.
Алғашқылардың бірі болып «Спутник V» вакцинасын облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов, бас санитар дәрігер Нұрбек Нышанов салдырды. Түркістан қаласындағы орталық емханада алдымен дәрігерлердің тексеруінен өткен олар вакцина алғаннан кейін 30 минут бойы бақылауда болды. Облыста коронавирусқа қарсы вакцина егу жыл соңына дейін жалғасып, оған 950 мың адам қатысады деп жоспарлануда. Бірінші кезеңде инфекциялық ауруханалардың, жедел медициналық жәрдемінің, реанимация бөлімшелерінің, қабылдау бөлімдерінің медицина қызметкерлеріне вакцина егіледі. Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов вакциналауға профилактикалық егуге қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жіберілетінін, алдымен азаматтар дәрігердің міндетті тексеруінен өтетінін айтады. Өңірде егу пункттерінің дайындығы тексеріліп, профилактикалық егулерді жүргізу мәселелері бойынша стандартты операциялық рәсімдер бекітілген. Медицина қызметкерлері оқытылды. Жалпы облысқа ақпан айының соңына дейін тағы 180 мың вакцина дозасы жеткізілмек. Ал вакцинаның тасымалдануы негізгі 4 кезеңнен тұрады. Ең алдымен өндірушіден бірыңғай дистрибьютордың қоймасына жеткізіледі. Одан кейін ол қоймадан өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларының дәріхана қоймаларына әкелінеді. Үшінші кезеңде бұл вакциналарды қалалар мен аудандардағы медициналық ұйымдарға тасымалдайды. Төртінші кезеңде вакцина сол медициналық ұйымдарда сапалы күйде сақталуы керек.
Өңірде жыл басынан бері, яғни қаңтардың соңына дейін COVID-19 инфекциясының 361 жағдай анықталған, 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш 17,8 болады. Оның ішінде симптомдармен – 62, симптомдарсыз 299 жағдай тіркелген.
Түркістан облысы