Тарбағатай Ұлттық паркінің аумағындағы ұшқан құсқа, жортқан аңға жылына төрт рет санақ жүргізіледі. Соның ең нәтижелісі – қысқы санақ деседі мамандар. Жуықта ғана қорықшылар парк аумағында 17 арқардың жайылып жүргенін көрген.
«Қызыл кітапқа» енген бұл иірмүйізділер қазір тау етегіне жақын жүргенмен, көбі наурыздың соңына қарай Барқытбелдің биігіне көтеріліп кетеді. Әлсіз, жаралы арқарлар ғана қысқы мекендерінен ұзап кете қоймайтын көрінеді. «Арқар өрген жерге ырыс дариды, оны көрген адамның жолы болады» деп ырымдайды қазақ. Ай мүйізді, жұп тұяқты түз тағыларына ақпарат және экологиялық мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкерлері Ринат Қасымбеков пен аңшы-биолог Азамат Рахимбеков дүрбі салып, көрген екен. Үстіртте ғана 17 бас жайылып жүрген. Негізінен 10-15 дарақтан топтасып, үйірімен жүреді. Арқардың ірісі де осы Тарбағатай, Алтай тауларын мекен етеді. Ғылыми деректерге сүйенсек, салмағы 180 келіге дейін жетеді екен. Үскірік желге, шыңылтыр аязға өте төзімді жануар. Көбінесе дәрілік шөптердің гүлімен қоректенеді. Қыстың күні де осы шөптерді таудың бөктерінен іздейді.
– Киелі аңды таудың етек жағынан көріп санап, тіркеп қойдық. Бұл бір күнде көзге түскендері ғана. Алдағы уақыттарда фототұзақ құрып қойсақ, суретке түсетіні анық. Былтыр 200-дей бас санағымыз, дейді Ринат Қасымбеков.
Қорықшылар санақтың алғашқы күндері таудың ыңғыл-жыңғылын жалпақ табанды қар көліктерімен аралап шыққан. Жол-жөнекей арқардан басқа, қасқыр, түлкі, қоянның іздері де кездескен. Өздері де жиі көзге түседі. Санаққа білек сыбана кіріскенде көзбен көріп қана емес, із бойынша да тіркейді. Фототұзаққа түскендер қоса есепке алынады. Қорадағы қойдай түгендеп қоймаса да, мөлшерін тіркеп, өздері қорып жүреді. Тарбағатайдың тұмса табиғаты, аң-құстары, өсімдіктері – қорықшылардың қорғауында.
Шығыс Қазақстан облысы
Үржар ауданы