• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Ақпан, 2021

Амандық Баталов құрылыс нысандарын аралады

238 рет
көрсетілді

Кеше облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорғанда құрылысы жүріп жатқан бірнеше нысанды аралап, жұмыстардың сапасын тексерді, деп хабарлайды Egemen.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алдымен жабық жүзу бассейніне барған облыс басшысы нысанның ішкі әрлеу жұмыстары мен сыртқы абаттандыру, көркейту ісінің егжей-тегжейіне мән беріп, назар аударды. Себебі теңдессіз нысанда ұсақ-түйек деген болмайды.

Жобалық құны 11,4 млрд теңге болатын жабық жүзу бассейні құрылысының І кезеңінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша ғимараттың іші толықтай салынып біткен, қазір әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Жақында бассейнге су толтырылып, тексеруден өткізіледі. ІІ кезеңі өткен жылдың қарашасында басталып, жұмысшылар сыртқы абаттандыру ісіне кіріскен. Қазір объектіде 300-дей жұмысшы еңбек етуде.

Облыс әкімі алдымен ғимараттың ішін аралап көрді. Нысан құрылысын жүргізген «АВС Көркем Құрылыс» ЖШС директоры Мустафа Афраиловқа залдардағы темір тірек бағандарды ақ түспен бояуды, сол сияқты металл конструкциялар төбеден көзге қораш көрінбейтіндей етіп, эстетикалық талғамға сәйкес келтіруді тапсырды. Есік жақтауларында, плинтуста, қабырға мен металл конструкцияларының жалғасқан тұстарында елеусіз саңылаулардың өзі болмауы керектігін ескертті. Бассейнге биіктен секіруге арналған баспалдақтар да ақ шатырдай болып алыстан көз тартып, көркем көрінуі тиіс. Ол үшін оларды да ақ түспен бояу керек. Баспалдақтардың астындағы болттар да басы артық заттай сыртқа шығып тұрмауы тиіс. Осы аралау барысында Амандық Баталов жарысқа арналған үлкен бассейн алаңында қай тұстан қатысушылардың тулары көтеріледі, қай жерден жеңімпаздардың туы желбірейді, жарыстың марапаттау рәсімі қай жерде өтеді – барлығының орындарын белгілеп, әрлеу, құрылғылар орнату жұмыстарын соған сәйкес жүргізуді тапсырды. Сол сияқты қабылдау бөлмесінің маңдайша жазуының, ғимарат ішіндегі жалюздердің түстері қандай болатыны да айқындалды.  

Мұнан соң облыс әкімі сырттағы абаттандыру жұмыстарына назар аударды. Қазір бұл жұмыстарға 60 адам тартылған. Талдықорған қаласы әкімдігі мен облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасына және басқа да тиісті органдарға нысанның айналасын көгалдандыру, бассейн маңайының архитектуралық шешімі Қадырғали Жалаири даңғылымен және Балапанов көшесімен, сол сияқты қатар жатқан «Жастар» саябағымен үйлесімді түрде жалғасуы керек екенін айтты. Абаттандыру барысында пайдаланылатын шағын сәулеттік формалардың, жарық шамдарының, орындықтардың, гүлзарлардың үлгілерінің жобаларын жақын күндерде көрсетуді тапсырды.

Нысан маңындағы ағаштарды кеспей, оларды сақтап, ретке келтіріп, көк желек отырғызудан кешігіп қалмауды қатаң ескертті.

Мұнан соң облыс әкімі Амандық Баталов қаладағы тұрғын үйлер салынып жатқан алапқа барды. Алдымен бұған дейін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ бастамасымен іргесі қаланып басталған түрғын үйлердің аяқсыз тұрған құрылысын облыс әкімдігі қаржы бөліп, құрылыс жұмыстарын қайта жандандырған болатын. 6 және 7-ші шағын аудандарда бой көтерген жалпы саны 110 пәтерлік бұл қос үйді салумен «ЦА НИПИ ТрансНефть» ЖШС  мердігер мекемесі айналысуда. Бұл жерде Амандық Баталов көп пәтерлі тұрғын үйдің бірінші қабатынан қосарланып тұрғызылып жатқан кеңселік ғимаратқа назар аударды. Бұл нысанның құрылыс сызығынан асып, құрылыс нормаларын сақтамай салынып жатқанына наразылық білдірді. Ғимараттың салыну барысын бақыламаған, құрылыс иесіне заң талаптарын түсіндірмеген қалалық әкімдіктің, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының босаң жұмысын сынға алды. Тиісті нормалар сақталмай салынып жатқан құрылысты тоқтатуды тапсырды.

Сол сияқты Амандық Баталов «Бірлік» шағын ауданында бас мердігер компания «Отбасы құрылыс групп» ЖШС салып жатқан көпқабатты үйлердің де салыну барысын көрді. Мұнда 75, 60 және 40 пәтерлік үш тұрғын үй бой көтеруде, құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Аталған серіктестік директоры Азиз Есімханов облыс әкіміне тұрғын үйлер құрылысының жүргізілу барысы жайлы баяндады. Бұл баспаналардың барлығы да халыққа «Бақытты отбасы», «Шаңырақ», «7-20-25», «5-10-20» мемлекеттік бағдарламалары бойынша берілмек.

Амандық Ғаббасұлы тұрғын үйлердің ең алдымен сапалы болуы керектігін айтты. Әсіресе, жаңадан бой көтеретін шағын ауданда салынып жатқан үйлердің бірыңғай сәулеттік келбеті, біркелкі фасадтық шешімі болуы керектігін тапсырды. 

«Талдықорған – облыс орталығы. Сондықтан Талдықорғанның көркем келбетіне қала әкімдігімен бірге құрылысқа жетекшілік ететін орынбасарларым да жауапты. Жабық жүзу бассейні құрылысындағы ескерту жасалған тұстарының толықтай қалпына келтірілуін қадағалаңдар. Ол – Олимпиадалық стандарттарға сай жасалуға тиіс теңдессіз нысан. Оның құрылыс жұмыстары толық аяқталғанша тағы да бірнеше рет барып, көремін. Ал тұрғын үйлердің қарқынын бәсеңдетпей, сапалы салуды тапсырамын», деді А.Баталов.