Алматы облысында кәсіпкер спорт кешенін өз қаржысына салып, халықтың пайдасына жарату үшін оны мемлекет меншігіне беруге ниетті. Осы және өзге де ұсыныстарымен, бірнеше инвестициялық жобаларымен келген кәсіпкерлерді бүгін облыс әкімі Амандық Баталов қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz
Кәсіпкерлерді Азия құрлығындағы Күрес федерациясының президенті, ҚР Грек-рим және еркін күрес, әйелдер күресі федерациясының вице-президенті, Бүкіләлемдік Күрес федерациясының вице-президенті, «СемАз» АҚ акционері Дәулет Тұрлыханов бастап келді.
Алдымен сөз алған «Вираж» холдингінің бас директоры Владимир Котельников Талғар ауданы Қызылқайрат ауылында 2,5 га жерге спорт кешенін салуды жоспарлап отырғанын айтып, жалпы алаңы 1 мың шаршы метрлік екі қабатты спорт нысанының эскиздік жобасын көрсетті. Онда күрес залы, волейбол, баскетбол, футбол алаңдары қарастырылған. Жобаға шамамен 450 мың доллар инвестиция салынады. В.Котельниковтың айтуынша, құрылыс жұмыстарына 1-1,5 жылдай уақыт кетеді. Кәсіпкер ғимарат салынып біткеннен кейін оны күтіп ұстау, нысанда жұмыс істейтін жаттықтырушылық құрамды қалыптастыру, халықты спортпен айналысуға тарту ісін жандандыру үшін нысанды мемлекет меншігіне бермек. Әкімдік тарапынан спорт кешені мен негізгі трассаны жалғайтын 200 метрлік жолды асфальттау мен жарық шамдарын орнату жоспарға енгізілсе деген ұсынысын айтты.
Облыс әкімі Амандық Баталов өз кезегінде спорт кешенінің құрылысын бастауға қажетті техникалық шарттар, рұқсат қағаздарының кедергісіз берілетінін жеткізді. Жалпы облыста 11 спорт кешені салынғанын тілге тиек етіп, мұндай нысандардың жас ұрпақты спорт арқылы тәрбиелеуге тигізетін ықпалы зор екенін атап өтті.
Сонымен қатар В.Котельников компаниясының Қазақстанның автокөлік нарығындағы көшбасшылардың бірі екенін айтты. Холдинг шетелерден көлік құралдары мен арнайы техникаларды жеткізумен қатар Семей және Көкшетау қалаларындағы «СемАз» и Daewoo Bus зауыттарында өз өндірістерін іске қосқан. Компания басшысы автобустарының, ауыл шаруашылығы және коммуналдық, жол және құрылыс техникаларының, УАЗ жедел жәрдем көліктерінің және басқа да көлік құралдарының каталогын көрсетті. «Еліміздегі ірі қалаларда техникалық қызмет көрсету орталықтарымыз жұмыс істейді. Бізге жер бөліп берсе, Талдықорған қаласынан да осындай орталық ашсақ дейміз. Инвестиция көлемі 900 млн теңгеден басталады. 50-70 адамға жұмыс орны ашылады. Басты мақсатымыз – техникалық, кепілдік қызмет көрсету үшін шаруаларды Алматыға сабылдырмай, осы жерден қызмет көрсету», деді В.Котельников.
Өз сөзінде Амандық Баталов жуырда Талдықорған қаласының автопарктері жаңартылғанын, сол сияқты аудан-қалалардың коммуналдық шаруашылыққа қажетті техникаларының да қатары толығатынын айтты. Сол сияқты қант қызылшасын, жүгері өсіруді жандандыру барысында да бірқатар жаңа ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынған. Сондықтан алдағы уақытта «Вираж» холдингі ұсынып отырған көлік құралдарын да қарастыруға болатынын жеткізді. Сол сияқты техникалық қызмет көрсету орталығының жобасы да қолдауға лайық жоба екенін айтты.
Кездесуде «Техноград» ЖШС бас директоры Балалдин Ушуров та сөз алып, ол Талғар ауданы аумағында жүзеге асыруға ниетті инвестициялық жобаларын таныстырды. Олар - тұрмыстық техника мен жиһаз сататын арнайы сауда үйі мен жол бойында қызмет көрсететін орын. Біріншісіне 250 млн. теңге, екіншісі 650 млн. теңге көлемінде инвестиция салынбақ. Облыс басшысы жобаны қолдайтынын, дегенмен оны іске асыру барысында жол бойындағы бір де бір ағашқа зиян келтірмеуі керектігін ескертті және оны қадағалауды аудан әкімдігіне тапсырды.