• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Оқиға 03 Ақпан, 2021

Автоөнеркәсіптегі арулар

134 рет
көрсетілді

Автоөнеркәсіп саласының жұмыскері дегенді естіген жанның көз алдына ең алдымен ер адамның сұлбасы көлбеңдеп тұра қалатыны рас. Алайда Қостанайдағы машина жасау зауытында отандық автокөлік құрастыруға үлкен үлес қосып жүрген арулар аз емес.

Раушан Байбатжанова жеті жылдан бері Қостанайдағы «Сарыарқаавтопром» серік­тестігінде автокөлік шанағын сыр­лаушы, әрлеуші болып жұмыс істеп келеді. Раушан­ның күнделікті міндеті – сырлау цехынан жаңа шыққан кө­лік­тердің сыртқы қабатын тегіс­теп, айнадай етіп жылты­рату.

– Көпшілігі әрлеу жұмыс­тары көлік шанағының сыртын жылтыратып, бояуын ашу үшін ғана жасалады деп тү­сінеді. Негізінде, шанаққа жұқ­қан сыр мен лак қабатында жай көзге көріне қоймайтын кедір-бұдыр көп болады. Мен осыларды әбден тегістеп, авто­көлік шанағын ұзаққа дейін сыры кетпейтіндей етіп жылтыратып шы­ғарамын, – деді шанақ әрлеуші.

Раушан «Сарыарқаавто­пром» серіктес­тігіне алғаш кел­ген жылы сырлау цехында үш-төрт-ақ қыз-келіншек бар еді. Кәсіпорын басшылығы отан­дық көліктерді сырлап, әрлеу барысында ерлерден гөрі әйелдерге көбірек сенім ар­та­тын болса керек, қазір олар­­дың саны жиырмаға жет­і. Мұнда небары бес-ақ ер адам жұмыс істейді. Цех брига­дасы бір ауысымда 18 көлік шанағын әрлеп шығарады.

– Еңбекақымыз жаман емес, зауытта тегін тамақта­на­мыз. Мұның сыртында, жұмысқа қызметтік автобус­пен келеміз. Үйге де осы автобуспен қай­тамыз. Сырлау це­хындағы жұмысымыз да қызық. Әдетте жай адамға жаңа сырланған автокөліктің сырты мінсіз әрі теп-тегіс бо­лып көрінуі мүмкін. Ал мен сырт адамдар байқай бер­мейтін нәзік кемшіліктерді көріп қоя беремін. Шанақтың сыртқы тегістігін саусақпен сезіне білу керек. Автокөлік те әйел сияқты, екеуі де сұлулық­пен үйлесіп тұрады, – деді Раушан.

Өз кәсібінің хас шебері әрі аяулы ана Раушан Бай­батжанова таяуда Қоста­най облысының іскер әйел­дер қа­уым­дастығы ұйымдас­тырған байқаудың жеңімпазы атанды.

 

Қостанай облысы