Атыраудағы УГ-157/11 мекемесінде жазасын өтеп жатқан әйелдер ағылшын тілін үйренуді бастады. Сондай-ақ олар бизнес курсына да қатысып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруге ынта танытып отыр.
– СOVID-19 пандемиясына байланысты дәрістер онлайн-режімінде жүргізілуде. Барлық санитарлық талап сақталып отыр. Бұл курстың мақсаты – жазасын өтеушілердің ағылшын тілін жетік меңгеруіне ықпал ету. Өйткені түзеу мекемесінен шыққан соң олардың өздері қалаған мамандығымен жұмысқа орналасуына септігі тиеді, – дейді мекемедегі тәрбие бөлімінің бастығы Ұлмекен Әлиева.
Жазасын өтеушілердің бірі – Балауса. Адам өміріне қасақана зиян келтіргені үшін 8 жылға сотталыпты. Ол мұнда ағылшын тілі курсына қатысумен шектеліп жүрген жоқ. Мекеменің кітапханасынан ағылшын тіліндегі кітаптарды алып оқиды.
– Ағылшын тілі курсына қызығушылықпен қатысып жүрмін. Себебі бостандыққа шыққаннан кейін Атыраудағы шетелдік компаниялардың біріне жұмысқа тұрғым келеді. Бұл үшін әрине, шет тілін білу керек. Осы орайда мекеме басшылары ағылшын тілін үйренуге мүмкіндік жасап отыр, – дейді Балауса.
Ұлмекен Әлиеваның айтуынша, ақпан айында 10-ға жуық жазасын өтеушіге ағылшын тілін меңгергені туралы сертификат тапсырылады. Қазір мұнда 150-ден астам әйел жазасын өтеп жүр.
Атырау облысы