Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 12 мемлекеттің мамандарынан құралған сарапшылары алғаш коронавирус инфекциясы тараған Ухань қаласына барып, ондағы Вирусология институтында болды.
Сарапшылардың бұл институтқа сапарына күллі әлем жұртшылығы көз тігіп отыр. Осыдан біраз бұрын М. Райан бастаған ДСҰ сарапшылары Қытайға барып тұрып жұмыстарын атқаруға рұқсат ала алмай кері қайтқаны есте. Араға уақыт салып, Қытай билігі мен ДСҰ арасында жүрген келіссөздер нәтижесінде сарапшылар шығысқа қайтадан бет алып, 28 қаңтардан жұмысын бастады.
АҚШ-тың экс президенті Дональд Трамп және бірқатар ғалымдардың дүниені астан-кестен еткен COVID-19 табиғи жолмен пайда болмаған, ол Ухань зертханасынан шықты деген күдігіне байланысты планета тұрғындарының сарапшылар сапарын жіті қадағалайтыны өз-өзінен түсінікті жайт.
Зооноздық инфекциялар мен азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Дүниежүзілік ұйымның сарапшысы Питер Бен Эмбарек жетекшілігімен Қытайға аттанған сарапшылар құрамына кірген EcoHealth Alliance үкіметтік емес ұйымның президенті Питер Дасзак: «Мен жауапты адамдармен жүздесіп, оларға маңызды сұрақтар қойып, жауап еститін күнді асыға күтемін», деген-ді. Айтқандай олар Қытайға табандары тиісімен бірден Уханьға жол тарта алған жоқ. Алдымен осы елге сырттан кіретін өзге де шетелдіктер тәрізді екі апталық карантинде болды.
Сарапшылар Ухань Вирусология институтына дейін сол қаладағы инфекцияның алғашқы тарау ошағы дейтін базарда, бірнеше ауруханаларда және жануарлар ауруларын зерттейтін орталыққа барған. Әзірге Вирусология институтында көрген-білгендері жайында еш ақпарат жария етілген жоқ. Соған қарағанда ол осы сапар жайындағы қортынды есепке кіретін сыңайлы.