• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Ақпан, 2021

Ресейдегі қандастар тіл үйренеді

143 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы жаңа жобаны қолға алды: ақпан айынан бастап Ресей Федерациясында тұратын қазақ диаспорына өкілдеріне қазақ тілін үйрету үшін онлайн курстар ашылды. Оны Батыс Қазақстан облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Алтынбек Әбділманов тегін жүргізуде.

Мұндай ұсыныс ресейлік қазақтардың өздерінен түсіпті. Онлайн тіл үйрену курсы жыл соңына дейін жүргізілмек.

Ресейлік қандастар мен Батыс Қазақстан облыстық тіл басқармасының арасында іскерлік қарым-қатынас бұрыннан қалыптасқан. Ресей Федерациясының бес облысымен шектесетін өңірде соңғы жылдары «Аltyn kópir» атты халықаралық фестиваль өтіп келеді. Өткен жылы пандемия салдарынан бұл шара онлайн ұйымдастырылды. Шетелдегі қазақ диаспораларымен әдеби-мәдени байланыс орнату мақсатында өткен бұл шараға бұрын Астрахань, Волгоград, Саратов, Самара, Орынбор қазақтары қатысатын болса, соңғы онлайн фестивалге Ресей Федерациясының Алтай Республикасынан, Мәскеу, Томск, Новосибирск, Барнаул, Курган, Екатеринбург, Челябинск қалаларынан қазақ диаспорасының 92 өкілі қатысқан.

- 2019 жылы «Аltyn kópir» атты халықаралық фестиваліне Оралмен шектес бес облыстан жас қыз-жігіттер келді. Олардың ішінде жалындап жанып тұрған, патриот жастар көп екен. Ана тіліне деген ықылас-ынтасы керемет. Жастар тілін, салт-дәстүрін білгісі келеді, домбыра үйренгісі келеді. Оларға тілмен бірге ұлттың рухы, санасы сіңетінін түсіндірдік. Әлі күнге дейін хабарласып тұрамыз, - дейді Батыс Қазақстан облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Алтынбек Әбділманов.

Батыс Қазақстан облыстық тілдері дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света Ғаниеваның айтуынша, қазір осы курсқа қатысу үшін өңірмен көршілес облыстарда тұратын қазақтардан өтініш жиналып жатыр екен. Астрахань, Волгоград, Саратов, Самара және Орынбор облыстарындағы қандастарымыздың әрқайсысынан 3 адам, барлығы 15 адам іріктеліп, жыл соңына дейін онлайн курс жүреді. Бір ерекшелігі, бұл курста тек қана тіл үйретілмейді, қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүріне қатысты да онлайн сабақтар болады. «Курс соңында біз оған қатысқан қандастарымыз ана тілін ең төменгі деңгейден орташа дәрежеге дейін меңгеріп, әрі халқымыздың көптеген салт-дәстүрінен хабардар болып шығады деп сенеміз» дейді Света Ғаниева. Онлайн курс сабақтары ақпан айының соңына таман басталып, аптасына екі мәрте өтіп тұрмақ.

Әрине, мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі өз елімізде де өзекті тақырып. Конституциямыздың 7, 93-баптарында «Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, арнаулы заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының барлық азаматы мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті» деп көрсетілген. Осы мақсатта Батыс Қазақстан облысында да жыл сайын қазақ тілін тегін оқыту курстары ұйымдастырылып келеді. Соңғы үш жыл ішінде облыста 2,5 мыңнан аса адам қазақ тілін оқыту курсынан өтсе, ағылшын тілі курсын 3 мыңнан астам адам тәмамдаған.

 

Батыс Қазақстан