• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Хоккей 04 Ақпан, 2021

Әлем чемпионаты Латвияда өтеді

183 рет
көрсетілді

Шайбалы хоккейден биылғы әлем чемпионаты жоспар бойынша 21 мамыр мен 6 маусым аралығында Латвия мен Беларусьте өтуі керек еді. Алайда қаңтарда Халықаралық хоккей федерациясы (IIHF) Беларусьтегі қазіргі жағдай ресми ұйым өкілдеріне, құрамаларға және жанкүйерлерге қауіпті деп есептеп, әлем чемпионатын өткізу құқынан айырған болатын.

Міне, күні кеше IIHF осы жылғы жа­һандық дода толығымен Латвияда өте­тінін ресми мәлімдеді. Сөйтіп, алдағы уақыт­та хоккейден әлем чемпионатын­дағы матч­тардың барлығын Рига қала­сы қабылдайды. Сонымен қатар матч­тардың басым бөлігі де Латвияның бас шаһарында орналасқан «Арена Ригада» ұйымдастырылады деп жоспарлануда.

Атап айтар болсақ, мұнда В тобындағы барлық ойын, екі ширек финалдық матч, жартылай финалдық кездесулер, үшінші орын үшін кездесу және финалдық матч өткізіледі. Ал қалған кездесулер алты мың адамға арналған Олимпиадалық спорттық орталықта ұйымдастырылады.

«IIHF кеңесі сейсенбі күні өткен оты­рыста әлем чемпионатын өткізудің түр­лі нұсқаларын қарастырды. Нақтылай түсер болсам, биылғы біріншілікті Лат­вияда, Латвия мен Данияда және Латвия мен Словакияда өткізу мәселелері талқы­лан­ды. Нәтижесінде, кеңес мүшелері әлемдік доданы бір мемлекетте өткізген дұрыс деген тоқтамға келді», дейді IIHF президенті Рене Фазель.

Бір айта кетерлігі, Латвия шайбалы хоккейден әлемдік доданы осымен екінші мәрте қабылдамақ. Алғаш рет мұнда 2006 жылғы әлем біріншілігі өткізілген еді.

Қазақстан құрамасы 2019 жылы жо­ғары дивизионға оралған болатын, сондық­тан биылғы әлем чемпионатында бақ сынайды. Жерлестеріміз Канада, Фин­ляндия, АҚШ, Германия, Латвия, Норвегия, Италия құрамаларымен B тобында сынға түседі.