Алматыға 2020 жылы 1,2 млн, 2025 жылы 1,6 млн, он жылдан соң 2,2 млн турист келуі тиіс. Қалалық әкімдік бір жыл бұрын дәл осылай болжам жасаған. Біз қайта одан кейінгі жылдарды айтып отырған жоқпыз. Айтар болсақ, шаһар басшылығы 2050 жылы 7 млн турист келеді деп даму стратегиясына белгі соққан. Жеті млн-ға жетеміз бе, жоқ па, қайдам, 2020 жылы 1 млн-ға да жете алмадық. Миллионды былай қойып, 100 мыңнан әрең асады.
Рас, коронавирус көп жоспарды бұзды. Карантин. Локдаун. Блок-бекет. Мұндай жағдайда турист тұрмақ, жай тұрғынның өзі аттап шыға алмай қалды. Індеттің беті қайтқан соң туризм күрт құлпырып сала бере ме, әлде пандемия салдары біразға дейін бұғаудан босатпай қоя ма? Алматы ел туризмінің алтын бесігі болуға дайын ба? Қала билігі қолда барды қаншалықты ұқсата алып жүр?
Қалалық туризм басқармасының дерегінше, әрбір екінші шетелдік турист Алматыға келеді екен. Соңғы бес жылда 301 мыңнан 436 мыңға дейін көбейген. Ішкі туристер ағыны 900 мыңға дейін жуықтаған. Алайда бұл сала тұтқиылдан тап келген пандемия тырнағына алғашқылардың бірі болып ілікті. Қыдырмақ түгіл бас қайғы. 2020 жылдың 11 айында шаһарға келген турист саны 153 мыңға әрең жетеді.
Алматы табиғатына қызығатын негізінен еуропалықтар екен. Олар әсіресе, тау-шаңғы кешендеріне қыдырып келуді қалайды. Алматы тауларындағы барлық тау-шаңғы кешендерін қоса есептегенде 46 шақырым шаңғы трассасы бар екен. Қазір әкімдік осы көрсеткішті 456 шақырымға дейін жеткізуді көздеп отыр.
Туристік инфрақұрылымды дамыту аясында мегаполисте соңғы 3 жылда 1 мың шақырымға жуық тау жолы цифрландырылып, жалпы ұзындығы 325 шақырым болатын 25 тау маршруты тұрғызылыпты.
Әкімдік дерегінше, шаһарда қазіргі кезде 2,5 мыңнан астам мейрамхана, 128 сауда орталығы, 50 базар, 19 музей және 20 театр бар. Алайда шеттен келген қонақтар қала ішіне алданбай, тіке тауға тартқанды жөн көреді екен. Қыста шаңғы тебуге, жазда өзен-көл жағасына. Сірә, шыныдан салынған ғимарат пен әдемі тротуар, келісті мейрамхана өзімізде де толып жатыр десе керек. Соны аңғарған Алматы билігі соңғы жылдары тау туризмін дамытуға көңіл бөле бастады. Туристер үшін тау жолдарында арнайы нұсқаулық тақтайшалары орнатылды. TripAdvisor-да тіркелген 39 туристік оператор туристер үшін қолайлы сервистер ұсынып отыр. Әрине, алғашқы орында «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешені орналасқан. Әлемде дәл қазір туризм әрбір 10-ы жұмыс орнын құрып беріп отыр. Туризмнен түскен табыс жаһандық ІЖӨ-нің 10 пайызынан асты. Алматы билігі де жалпы аймақтық өнімдегі туризм сервисінің үлесін 2025 жылға таман 6 пайызға жеткізуді көздейді.
Қазақстан туристік қауымдастығының президенті Рашида Шәйкенова Алматының туристік әлеуеті жоғары, тек соны пайдалана білу қажет дейді.
– Біз экотуризмді дамыту бойынша Еуроодақпен белсенді түрде жұмыс істейміз. Жоба аясында 2005 жылдан бері 60 қонақүй құрдық. Алматыға келген туристер ұзақ уақытқа қалғысы келіп тұрады. Қаланың туристер үшін жағымды әсер қалдыра білуі де туризмнің белгісі. Енді осы нәрсемен жұмыс істеп, осы аспектіні жетілдіре түсу қажет, – дейді қауымдастық басшысы.
Жақында Іле Алатауы ұлттық паркінде визит-орталық таныстырылғаны белгілі. Жаңа экологиялық кодекс бойынша енді ұлттық парктер мемлекет-жекешелік әріптестік негізінде дамуы тиіс: Инвесторлар тартылып, заманға сай жаңартылады. Бұл туристердің бұрынғыдан да көп келуіне ықпал етпек. Дәл осы мәселеге байланысты пікір қақ жарылып, экологияны жақтаушы топ бұл бастамаға қарсы шыққаны да белгілі. Десе де мемлекет бастамасы бәрібір жүзеге асатын сияқты. Әрине, оның бағасын біз бермейміз.
– 2019 жылы ұлттық паркке 300 мыңнан астам адам келді. Әрине, пандемияға байланысты былтыр турист саны аз болды. Туристер ағымын арттырып, инфрақұрылым жасау керек. Визит-орталық экотуризмнің дамуына жағдай жасайды. Мұнда табиғат, парк ерекшелігі жайлы барлық ақпарат қолжетімді болады. Балалар үшін флора мен фауна жайында сабақтар өткізудің де мүмкіндігі туады, – деген еді Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық паркінің директоры Дамир Малгелдиев.
Kazakh Tourism ұлттық компаниясы Алматыдағы өкілдігінің директоры Еркебұлан Хасеновтің айтуынша, экотуризм әлемде трендке айналған. Сондықтан бұл бағытта жұмыс істеу заман талабы болып тұр.
– Мұндай визит-орталық туристерді парк бойынша саяхатқа аттандырып салатын нүкте іспетті. Мәдениет және спорт, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінің, қалалық туризм басқармасы мен Kazakh Tourism-нің тізе қосып жұмыс істеуінің нәтижесінде біз ұлттық парктердегі инфрақұрылымды жақсы жағына қарай өзгертудеміз. Биыл инвестор Үлкен Алматы көлінде, Бутаковкада және Түргенде осындай 3 визит-орталық салады, – деді Е.Хасенов.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев те Қазақстандағы экотуризм әлеуетінің аса жоғары екенін атап өткен болатын.
– Біздің ұлттық парктерде көлік тұрағы, кемпинг, заманауи санитарлық кабинкалар жоқтың қасы. Осы мәселені шешу үшін халықаралық тәжірибені ескере отырып маршруттар мен соқпақтарды дамытуға күш саламыз, заманауи визит-орталық, медициналық бекет, кемпинг, этноауылдар құрылады. Қазір аталған бағытта жоспар жасалып жатыр. Елімізде жалпы саны 13 ұлттық парк бар. 2019 жылы оларға 1,5 млн адам барған, – деді министр.
Қалалық туризм басқармасының басшысы Сәбина Амангелдінің айтуынша, қалада туризмді дамыту бойынша инвестор тарту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. 2020 жылы жеке қаражат есебінен 2 визит-орталық салынып, глэмпингтік аймақ құрылысы аяқталуға жақын. Жеке инвесторлар есебінен үш жобаға салынған қаражат 1 млрд теңгені құраған.
2020 жылы Кіші және Үлкен Алматы шатқалында жалпы ұзындығы 171 шақырым болатын 11 тау жолы бағыты құрылысы жүргізілген. Жол бойына ақпараттық тақтайша, стенд, нұсқаулық, скамейка және беседкалар қойылған. Тауға серуендеуге шыққан туристер қайда бағыт алғанын аңдап, адаспай, емін-еркін жүре алады. Қысқасы, Алматының туризмдегі басты көзірі тау екенін түсінген шаһар билігі заманауи игіліктер мен қажеттіліктердің барлығын тау жолына топтастыруды жөн көрген сияқты. Ұзамай мұның жемісін көреміз дейді билік өкілдері.
Туристерге қала жайлы толық әрі ұғынықты ақпарат берілуі үшін Vizit Almaty деп аталатын мобилді қосымша жасалмақ. Мұнда offline-карта түріндегі навигатор көрікті орындар туралы ақпарат топтасады, туристік турға, түрлі іс-шараға және әуе, теміржол билеттерін сатып алуға, қонақүйлерге брон жасауға, валюта конвертациялауға мүмкіндік береді. Мобилді қосымша бағдарламасына ауа райы туралы ақпарат, онлайн-аудармашы, онлайн-консультант (чат-бот) сервистері де енгізілмек. Қазір қалада туристерге ақпарат беретін 8 орын жұмыс істеп тұр.
– City Guide интерактивті туристік дүңгіршектер, санитарлық-гигиеналық қондырғылары бар бес модульді кешен орнату жоспарда бар. Жергілікті ұялы байланыс сим-картасы, қоғамдық көлікпен жүруге арналған «Оңай» картасы, аудиогидпен жабдықталған жаяу жүру маршруты, туристік нұсқаулық және powerbank функциясы бар wi-fi роутері бар «турист пакетін» енгізуді де жоспарлап отырмыз, – деген еді қалалық туризм басқармасы басшысының орынбасары Қалибек Ақылбеков.
Осыншама уәде биыл шешімін табады деп үміттенеді көпшілік.
Былтыр қалаға келген турист саны 100 мыңнан әрең асты дедік сөз басында. 2019 жылмен салыстырғанда 72 пайызға аз. Ішкі туристер саны 400 мыңға жеткен. Туризм басқармасы эпидемиялық ахуал жақсарса, биыл қалаға 1 млн турист келеді деп болжайды.