«Ауызы күйген үріп ішеді». 2018 жылғы тасқыннан кейін жергілікті басшылар алдын алу жұмыстарына қаңтардан бастап кірісетін болған. Әрине, ауылды су басып, сан соғып қалғанша, ерте бастан қамданған жөн. Биыл да кенді Алтай аймағында тасқынның алдын алу жұмыстары басталып кетті.
Шығыс Қазақстанда су тасқыны қаупі төніп тұрған 94 елді мекен анықталды. Атап айтсақ, Өскемен қаласы, Алтай, Катонқарағай, Тарбағатай, Глубокое және Бородулиха аудандарын су басуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, қауіптіліктің деңгейі орташадан жоғары. Әзірше аймақта тілсіз жаудың алдын алу үшін жоба-жоспарлар құрылып жатыр. 10 ақпаннан бастап су басу қаупі бар учаскелерді тексеру, сондай-ақ облыс аумағындағы гидрологиялық жағдайға аэровизуалды мониторинг жүргізу жұмыстары басталады.
Үлбі, Таулы Үлбі, Ертіс өзеніне, Өскемен су электр стансасынан Шүлбі су қоймасына дейінгі аралыққа жүргізілген аэровизуалды зерттеу жағдайдың тұрақты екенін көрсетеді. Алайда әр-әр тұста мұз қату байқалған. Жалпы, көп өзендегі мұз 2018-2020 жылдардың көрсеткіштеріне қарағанда қалың. Мысалы, Бұқтырма өзенінде мұздың қалыңдығы 60-70 сантиметр. Сол үшін де Бұқтырма, Ертіс, Күршім, Үлбі өзендерінде мұз жару жұмыстарын жүргізу үшін 18 учаске белгіленді.
Су тасқынының алдын алу үшін облыстық бюджеттен қажетті қаражат бөлінеді. Ол қаржы алдымен жарылыс жұмыстарына және жағалауды нығайтуға жұмсалмақ. Сонымен қатар облыс басшылығы барлық суқоймасындағы су деңгейін бақылауды күн тәртібінен түсірмеу қажет екенін ескертіп отыр.
Бірқатар ауданда жердің тоңы 1,5 метрге жеткен. Негізінен өңірде тоңның қатуының орташа деңгейі 32-97 см болса, қардың биіктігі 5-40 сантиметрді құрап отыр. Ал күзгі жауын-шашынның мол түсуінен Алтай, Күршім, Катонқарағай, Абай, Зайсан, Көкпекті, Бородулиха, Бесқарағай аудандарында топырақтың қатуы бір метрден асып кеткен. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тоңның әлі де қалыңдауы мүмкін екенін айтады. Облыс басшылығы өткен жылдарда болған су тасқынын ескере отырып, жергілікті жерде комиссия құрып, алдын алу жұмыстарын бүгіннен бастап ұйымдастыруды тапсырып отыр. «Жаман айтпай жақсы жоқ», эвакуациялық пункттерді дайындап, оларды белгілі талаптарға сәйкес жабдықтап қою қажет. Көп жылдан бері синоптиктердің болжамы бойынша, облыс өзендеріндегі су тасқыны әдетте наурыздың екінші онкүндігінен басталып, маусымның екінші онкүндігінің ортасына дейін жалғасады. Өзендердегі су деңгейінің күрт артуы ауа температурасының көтерілуіне, көлденең келіп қосылған ұсақ бұлақтарға және жауын-шашынға байланысты.
Қазіргі уақытта тасқынды болдырмау үшін қандай жұмыстар істеліп жатыр? Бірқатар аудан басшыларымен хабарласып көрдік.
Алтай ауданында тілсіз жаудың алдын алу үшін қажетті күштер сақадай сай. Көктемгі су тасқыны шеткі елді мекендер мен жеке сектор тұрғындары үшін қауіпті. Десе де алдын алу жоспары құрылған. Мониторинг нәтижесінде су басу қаупі бар жеке сектордың көшелері анықталды. Қала көшелеріне бақылау жасалып, жеке секторда қар тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұлақ көздеріне қойылған құбырларды да тазалау басталды. Алдын алу жұмыстары – аудан әкімі Қалихан Байғонысовтың үнемі қадағалауында. Қадағаламасқа болмайды. 2018 жылғы топан су Зубов ауылын ғана емес, теміржолды да басқан. Биыл аталған елді мекендегі Поганка өзенінің жағалауы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы бекітілді.
Катонқарағай ауданындағы Коробиха және Ақсу ауылдық округтеріндегі Бұқтырма мен Солоновка өзендері көктемде арнасынан шығуы мүмкін. Аудан басшылығы тарапынан техникаларды, инертті материалдарды әзірлеп қою тапсырылған.
Тарбағатай ауданының әкімі де жағдайды бақылауында ұстау үшін Қарасу, Құйған, Қабанбай ауылдық округтерінің су басу қаупі бар аумақтарын аралап шықты.
Глубокое ауданы, Уварово ауылының тұсында қаңтардың ортасында Ертіс өзені арнасынан көтеріліп үлгерген. Әйтеуір шұғыл түрде шаруа қожалықтарының күшімен 20 тонна инертті материал 500 қапқа салынып, жағалау нығайтылған. Глубочанка өзені де көктем шыға арнасынан асып кетуі мүмкін. Тасқынның алдын алу үшін аудан басшылығы өзеннің жиегіндегі ағаштарды кесіп, тазалауды тапсырған.
Бір айта кетерлігі, әр тұрғын өзіне тиесілі аумақтағы қарды шығарып, бұлақ көздерін, құбырларды қоқыстан тазартып отырғандары абзал. Алда-жалда су келе қалса, арнасын бұру үшін инертті материалдар мен қап дайындап қойса да артық етпейді. Бұл – Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының кеңесі. Ал тілсіз жау ауыздықтауға көнбейтін болса, дереу 112 нөміріне қоңырау шалып, жағдайды хабарлау қажет.
Шығыс Қазақстан облысы