Жауынгерлік өнер қауымдастығы Қарағанды облыстық филиалының басшысы Ерден Халилин мен ММА өңірлік федерациясының президенті Владимир Абросимов жекпе-жек шебері Бауыржан Қуанышбаев пен оның бапкерлерін ММА турниріндегі жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz. облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаңтар айының соңына қарай Алматыда Octagon 15 ММА бойынша жарыс өткен болатын. Турнирдің басты жекпе-жегінде алматылық Сағындық Мұқанов пен қарағандылық Бауыржан Қуанышбаев күш сынасты. Айқастың екінші раундында TOP TEAM MMA KARAGANDA клубының өкілі техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Сөйтіп Бауыржан Қуанышбаев 77,1 кило салмақ дәрежесінде чемпиондық белбеудің иегері атанды. Тәжірибелі тәлімгер Рашид Дагаевтың қарамағында жаттығатын шебер сонымен кәсіби мансабындағы жеңіс санын алтыға жеткізді.
Айта кететін тағы бір жайт, Алматыда өткен NFC 28 турнирінде аралас жекпе-жек өнерінің есімі елге белгілі шебері Шавкат Рахмоновтың қарындасы қарағандылық Сора Рахмонова өзінің алғашқы айқасында қырғызстандық қарсыласын тізе бүктірді. Спортшы қыз TOP TEAM MMA KARAGANDA клубында Абдулмажит Валиев және Рашид Дагаев сынды бапкерлердің қарамағында жаттығады.