Атырау облысында браконьерлікпен айналысып, істі болғандар көше тазалап жүр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті пробация қызметі бөлімінің инспекторы Жарқынай Бақтиярованың мәліметіне сүйенсек, Исатай ауданындағы Жанбай ауылының 14 тұрғыны ҚР Қылмыстық Кодекстің 339-бабының 1-бөлігімен (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) сотталған екен.
«Сот оларды жазаны өтеу кезінде ішінде жыл сайын жүз сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартумен әр түрлі мерзімге бас бостандығын шектеуге үкім шығарды. Заңға сәйкес бас бостандығын шектеуге сотталған адамның жазасы тұрғылықты жері бойынша қоғамнан оқшаулаусыз өтеледі. Мәжбүрлі еңбекке тартуды жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) ұйымдастырады», дейді Жарқынай Бақтиярова.
Қазір Жанбай ауылының 14 тұрғыны күніне 4 сағат көше тазалайды.