Алматы ауданының тұрғын үй алаптарында 2020 жылы 23 көшеге асфальт төселді, 24 көшеде жарық қалпына келтірілді, 300 км газ тарату желілері салынды. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов аудан тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Кездесу барысында барлық санитария нормалары сақталды. Қала тұрғындарымен кездесулер, азаматтарды қабылдау, жұмыс сапарлары өзара байланысты айтарлықтай күшейтуге мүмкіндік береді. 2020 жылы Алматы ауданында көптеген жұмыс атқарылды. Мемлекет басшысы елорданың елді-мекендерін жоспарлы түрде дамытуды тапсырды. Мәселен, тек осы ауданның елді-мекендерінде 23 көше асфальтталды, ал еріген және жаңбыр суларын бұру үшін арықтар орнатылды. 24 көшеде жарықтандыру қалпына келтірілді, қаланы газдандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде - 300 км газ тарату желілері салынды», дейді әкім.
Оның айтуынша 2020 жылы 21 мектеп пен 2 балабақша жөнделді, биыл тағы 9 білім беру нысанын жөндеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Мичурино елді-мекенінде 3 мектеп салынды. Бұрын бұл елді-мекенде мектеп болған жоқ, балалар бейімделген бөлмеде оқыды.
ТКШ саласында да үлкен жұмыс жүргізілді: 19 үйде күрделі жөндеу жүргізілді, 80 үйде жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері жөнделді.
«Қала тұрғындары 60-қа жуық мәселе көтерді: тұрғын үй алаптарын дамыту, әлеуметтік нысандар, жолдар салу, абаттандыру, апатты үйлерді бұзу, ТКШ жаңғырту және т.б. Тұрғындар көтерген мәселелер бақылауға алынды. Бұған дейін осындай кездесулерді Сарыарқа және Есіл аудандарында өткіздік», - деп жазды қала әкімі.