• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Ақпан, 2021

Күршімде көпір құрылысы басталды

717 рет
көрсетілді

Ақпан айы шығысқазақстандықтар үшін қуанышты жаңалықпен басталды. Ақ түйенің қарны жарылған күн десек те артық емес. Олай дейтініміз, Бұқтырма су қоймасынан Күршім ауданына өтетін көпір құрылысының алғашқы қазығы қағылды. Бұл мәселе осыдан екі жыл бұрын «Egemen Qazaqstan» газетінде көтеріліп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына ілінген. Мәселеге көз жеткізген Мемлекет басшысы дереу Үкіметке тапсырма берген болатын.

Рас, бұл 1960 жылдардан, яғни Бұқтырма су қоймасы салынған уақыттан бері шешілмей келе жатқан күрмеуі қиын мәселе еді. Әсіресе күршімдіктер жаз шықса, ескі паромның тоқтамауын тілейтін. Жел тұрып, көл беті толқыса, кемелер де қаңтарылып қалады. Ондайда жолаушылар жағада түнейді немесе Катонқарағай, Алтай аудандары арқылы жүздеген шақырымды айналып өтуге мәжбүр болады. Ал қыстың күні мұз ойылып, су түбіне кеткен көліктер қаншама?! Көліктен бұрын осы өткелде көптеген адамның өмірі де қиылған. Енді сәтін салса, бұл қиыншылықтардың бәрі артта қалады.

Күні кеше Күршімнің күре тамыры іспетті көпірдің құрылысы ресми түрде басталды. Жағалауда ерсілі-қарсылы ауыр техниканың гүрілі естілгенде, жергілікті тұрғындар бөріктерін аспанға атты. Көпір құрылысына сенер-сенбесін білмей жүрген елдің қуанышы қойнына сыймады. Құрылыс басында «бісміллә» деп құрбан шалып, құрылысшыларға сәттілік тілесті бәрі. Көптің көлдей тілегі қабыл болса, үш жылдан кейін халық Күршімге көпір арқылы қатынайды. Шекара шебіндегі ауылдардың да әлеуеті артады.

Көпір құрылысына кіріскен «ОблШығысЖол» ЖШС директорының орынбасары Айдар Мамиевтің айтуынша, қазіргі уақытта геодезиялық, электр желісін тарту жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар ауыр техникалардың жүруі үшін арнайы жол салынады. Әзірше, алғашқы жұмыстарға 5 жүк көлігі, 2 бульдозер, 2 грейдер тартылған. Одан бөлек, көпір құрылысын жүргізетін жұмысшылар үшін 250 орындық жатақхана мен құрылыс қалашығы бой көтереді. Жалпы жобаның құны 32 млрд теңгені құрап отыр. Ал Құйған ауылының тұсынан шығатын көпірдің ұзындығы – 1300 метр.