Қазақстандағы «көлеңкелі экономиканың» деңгейі 23,6 пайызға тең. Енді оны Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріндегі деңгейге дейін төмендету міндеті жүктеліп отыр. Яғни оның үлесі ішкі жалпы өнімнің 15-17 пайызынан аспауы керек.
Мемлекеттік кірістер комитетінің басшысы Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, 2019-2021 жылдары қолға алынған шаралардың нәтижесінде «көлеңкелі экономиканың» деңгейі 27 пайыздан 23,6 пайызға төмендеді.
– Біз тауарларды бақылаудың ұлттық жүйесін құрдық. «Электронды шот-фактура» және «Астана-1» ақпараттық жүйелері енгізілді. Салықтық декларациялардың 99 пайызы, кедендік декларациялардың 100 пайызы қашықтан ұсынылуда. «Е-терезе» ақпараттық жүйесі рұқсат құжаттарын беретін 13 ақпараттық жүйені біріктіріп отыр. Қызмет көрсету уақыты 30 күннен бес күнге дейін қысқарды. Осының бәрі «көлеңкелі экономиканың» үлесін төмендету үшін жасалған қадамдар, – деді Марат Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Комитет басшысының пікірінше, «Электронды шот-фактура» жүйесінің тиімділігі ерекше байқалған. Оған 505 мың пайдаланушы тіркелген және 558 млн-нан астам электронды шот-фактура өңделген. Сонымен қатар жекелеген тауарлар бойынша «Виртуалды қойма» модулі енгізілді. Бұл арқылы қоймадағы тауарлардың есебін онлайн режімде бақылап отыруға болады. Бұдан бөлек контрагенттермен жасалған мәмілелерді де қадағалауға мүмкіндік бар.
2020 жылы бюджетке қосымша 149 млрд теңге түсім түскен. Бұған тәуекелдерді басқару жүйесін қолданудың нәтижесінде қол жеткізілген. Жалпы, тәуекелдердің 86 түрлі моделі құрылып, 12 млрд-тан астам цифрлы құжат өңделген. Қосымша 320 млрд теңге қамтамасыз етіліпті.
Сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті капиталды шетелге шығаруға қарсы кешенді жұмыс жүргізуде. Оның ішінде сыртта оффшорлық шоты бар қазақстандықтарға қарсы күрес қарқын алды. Бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен электронды мәліметтер алмасу шеңберінде қол қойылған көпжақты конвенцияның жемісі. Биыл ЭЫДҰ-мен 100-ден астам юрисдикциясы бар Қазақстан азаматтарының қаржылық шоттары бойынша ақпарат алмасу басталмақ. Бүгінде аталған байланыс каналдарын сынақтан өткізу жүріп жатыр.
– Сондай-ақ банктермен де бірлесе жұмыс істеуге көштік. Біз шетелден ақша алған 164 жеке тұлға туралы ақпаратқа қол жеткіздік. Олар Қазақстанға 45 млрд теңге ақша аударған. Олардан 68 млн теңге салық өндірілді, – деп нақтылады комитет басшысы.
«Көлеңкелі экономиканың» көріністері кедендік пункттерде жиі байқалатыны белгілі. Сондықтан бұл жаққа да ерекше назар аударылған. Мәселен, Қытаймен арадағы кедендік статистикада алшақтық көп.
Алдын ала мәліметтер бойынша 2020 жылы Қазақстанның Қытаймен арадағы кедендік статистикасындағы алшақтық 5,3 млрд долларды құраған. Жалпы, Қытайға қатысты дәл осындай мәселемен басқа мемлекеттер де бетпе-бет келіп отыр. Мәселен, 2019 жылы Қытай мен АҚШ арасындағы алшақтық 54 млрд долларды, ал Қытай мен Германия арасындағы дәлсіздік 45 млрд долларды құраған.
– Қытай Халық Республикасымен жыл сайынғы бірлескен салыстырулардың нәтижесі бойынша сәйкессіздіктердің құрылымы анықталды. Алшақтық сомасының 53 пайызы Қазақстан арқылы өткізілетін қытай тауарларының транзитіне тиесілі. Бұл тауарлар ҚХР статистикасында бірінші шекараны кесіп өту белгісі бойынша Қазақстанға бағытталған экспорт ретінде көрсетіледі. Бұл жағдай Қытайдың хаттамаларымен және Ресей мен Беларусьтің кері статистикасымен расталады. Сондай-ақ «Қорғас» арқылы өткізілетін тауарлар және пошта сәлемдемелері де Қытай статистикасында Қазақстанға бағытталған экспорт ретінде көрсетіледі. Ал елімізде мұндай тауарлар декларациясыз оңайлатылған тәртіппен ресімделеді. Бұл дегеніміз – алшақтықтың 20 пайызы. Алшақтықтың 27 пайызы немесе шамамен 1,5 млрд АҚШ доллары қазақстандық импорттаушылардың кедендік құнды төмендетуіне байланысты орын алады, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Осы орайда Қазақстан алшақтықты азайту мақсатында алғаш рет Қытай Халық Республикасымен тауарларға арналған экспорттық декларациялардағы мәліметтерді онлайн режімде алмасуды бастады. Сәйкестендірудің үлес салмағы әзірше 25 пайызды құрайды. Техникалық және әдіснамалық мәселелерді офлайн форматта пысықтау қажеттілігіне байланысты салыстыру тетігін жетілдіру бойынша қиындықтар туындап отыр.
Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде Қытаймен арадағы кедендік статистиканың алшақтығы 2017 жылғы көрсеткіштен (60 пайыз немесе 7 млрд доллар) 2019 жылы 48 пайызға (6 млрд долларға) дейін қысқарды. Биыл шамамен 45 пайызға немесе 5,3 млрд долларға кемуге тиіс.
– Күн сайын Қытайдан әкелінетін тауарлардың кедендік баж индексінің белгіленген шектерін, тәуекелдің құндық индикаторларын сақтау бойынша бақылау жүргізіледі. 2020 жылы 44 920 декларацияланған тауардың кедендік құны түзетілді және мемлекет бюджетіне қосымша 17,1 млрд теңге өндірілді, – деді комитет басшысы.