Адамзат баласының даму тарихында жұқпалы ауруларға қарсы екпе салуды көне қытай, үнді, грек емшілері қолданған көрінеді. Жалпы 1796 жылы ағылшын дәрігері Эдвард Дженнердің екпе еге бастауынан бүгінге дейін дәл қазіргі COVID-19 індетіне қарсы вакцинадай жылдам табылған препарат болған емес.
Жер жүзіне жаман індет тарағалы бүкіл әлем ғалымдарында тыным болған жоқ. Түрлі деректерге қарағанда, жаһанда 209 вакцина белсенді зерттелу үстінде. Оның ішінде біздің отандық 2 вакцина да бар. ДДҰ сайтында 169 үміткер вакцина әзірленіп, оның 26-сы адамдарға қолданумен жүретін клиникалық зерттеу сатысында екен.
Жалпы вакцинаның ағзаға әсері қалай жүреді? Қарапайым тілмен айтқанда, жаттығу тренажері тәрізді вакцина егілген соң ағзаны вируспен күреске жаттықтырады. Mededsupportkz қоғамдық қорының басшысы, биофизика ғылымдарының PhD докторы, Назарбаев университетінің профессоры Дана Ақылбекованың айтуынша, вакцинаны зерттеу бір ғана елдің емес, түрлі климаттық ерекшелігі бар мемлекеттер азаматтарының қатысуымен, түрлі нәсілде және түрлі ортада жүргізілуінің маңызы өте зор. Себебі сол арқылы вакцинаның барлық адамға тиімділігі қаншалықты екені белгілі болады. Сондықтан тәжірибелерге көптеген мемлекеттен еріктілердің қатысуы – вакцина әсерін анықтаудың тиімді жолының бірі.
ДДҰ сарапшыларының мақұлдауымен қолданысқа жолдама алып, бүгінде егіліп жатқан вакцинаның бірі – Оксфордтық AstraZeneca вакцинасы. Әлсіретілген вирустан алынған вакцина егілген жандардың бойында жақсы иммундық қабілетті туғызады делінген өнімнің жеткізілуі мен сақталуында онша қиындық жоқ. Бұл 4 градус төмен қалыпта тоңазытқышта бүлінбейді, қасиетін жоғалтпайды.
Екіншісі – BioNTech биотехнологиялық компаниясы жасаған америка-неміс бірлескен вакцинасы. Бұл – ғылымдағы жаңа жоба. Себебі ол РНҚ-лық. Мұнда вирустың өзі емес, өте кішкентай РНҚ-ның бір фрагменті алынып, ағзаға түскенде ауруға қарсы иммундық күштерді қозғайды. 43 мың ерікті қатысып жасалынған бұл вакцинаның тиімділігі жоғары – 90 пайыз. Бірақ оны сақтаудың жолы күрделі. Суықтығы 20 градус тоңазытқышты талап ететін көрінеді. Жалпы мұндай РНҚ-лық вакцина бұрын-соңды қолданылып көрген емес.
Үшіншісі – ресейлік ғалымдар жасаған «Спутник-V». Тәжірибелік жұмыстары Беларусь, Венесуэла, Үндістан елінен 40 мыңнан аса еріктінің қатысуымен жүрген, тиімділігі 90 пайыз шамасында делінетін вакцина ақпан айының басынан біздің елімізде егіле бастады. Сақталуы қолайлы, қарапайым тоңазытқышта тұра береді.
Сонымен алғашқы вакциналармен егу басталғалы өздері үлгі болғысы келген бірқатар мемлекет басшыларының екпе салдыруы әсер етті ме, бүгінде препараттарға сұраныс молайған көрінеді. Атап айтқанда, осыған дейін 2021 жылы 1 млрд доза вакцина шығаруды көздеген BioNTech 1 ақпан күні оның мөлшерін тағы да 1 млрд-қа арттыратынын хабарлады. BioNTech өз сайтында Бельгияда орналасқан вакцина шығаратын зауыттың толық жаңартудан өткізіліп болғанын да сол күні жария етті.
Германия канцлері Ангела Меркель федералды аймақтардың басшылары қатысқан кеңестен соң биыл жаздың соңында барлық азамат вакцина алып болатынын мәлімдеп, өз жұртының Pfizer, Moderna және AstraZeneca вакциналарымен егілетінін жеткізді. «Егер аталған компаниялардың бірі вакцина жеткізуді уақытында орындай алмаса, вакциналауға қажетті дозалар жетіспей қалуы мүмкін» деді канцлер.
Ал Италияда халықтың 1 пайызы – 648 640 адам екі кезеңнен тұратын вакцина салдырудан өтіп болыпты.
Ресейдің Гамалея атындағы орталығында дүниеге келген «Спутник V» клиникалық зерттеулер барысында жоғары дәрежеде антидене және ағзаның иммундық қорғанысын қалыптастырып, ешқандай теріс жағдайлар байқалмаған. Бүгінде әлемнің 50 мемлекетінен 1,2 млрд дозасына сұраныс түскен. Ал отандық вакцина болса, әлі зерттеудің үшінші сатысын аяқтаған жоқ.