• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
21 Желтоқсан, 2013

Биік парасат иесі

218 рет
көрсетілді

Қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген нақыл бар. Осы сөзімізді халық игілігіне қызмет етуде ерен еңбегімен зор үлес қосып келе жатқан азамат, Парламент Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдар докторы, профессор Серікжан Қанаевқа арнап айтсақ артықтығы жоқ.

 

Қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген нақыл бар. Осы сөзімізді халық игілігіне қызмет етуде ерен еңбегімен зор үлес қосып келе жатқан азамат, Парламент Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдар докторы, профессор Серікжан Қанаевқа арнап айтсақ артықтығы жоқ.

Өзінің еңбек жолын 1971 жылы Қарағанды қаласында электр жүйесі желісін жөндеуші болып бастаған Секең кеңес әскері қатарында борышын атқарған соң, Мәскеуде комсомолдың жоғары мектебінде оқуды бітіріп, өзінің туған қаласындағы облыстық комсомол комитетінде нұсқаушы, облыстық партия комитеті лекторлар тобының жетекшісі сияқты партия органдарында еңбек етті. Кейін КОКП Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын бітірді. 1991-2000 жылдар аралығында Министрлер Кабинеті мен Президент Аппаратында, Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігінде сан салалы қызметтер атқарып, бай тәжірибе жинақтады.

2005 жылы Президент Әкімшілігі Әлеу­меттік-саяси бөлімінің бас инспекторы қызметіне келгеннен бастап, Серікжан Зиаданұлының еңбек жолында бүгінге дейін жалғасып келе жатқан, өзекті, сапалық тұрғыдан жаңа бір бағыттың айқындалғанын көреміз. Ол халықтың әлеуметтік жағдайы мен хал-ахуалын көтеру жолындағы қызметі болатын. «Отан» республикалық саяси партиясы Орталық аппаратының жетекшісі, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары, Президент Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және кадр қызметі бөлімінің меңгерушісі, Президент Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық бөлімінің меңгерушісі қызметтері республика өңірлеріндегі халық пен оның әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтеру мәселелерін шешумен тығыз байланысты еді.

Кейін, Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланған кезде, Секеңді бірден Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшелігіне енгізу жоғарыда аталған маңызды мәселелерді шешуде мол тәжірибе мен басқару ісіндегі біліктіліктің оның бойында жинақталуына байланысты десек, қателеспейміз.

Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі (2007 – 2012 жж.) қызметін атқарған жылдары республика өңірлерінің дамуына ерекше көңіл аударды. Өзінің «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Теңдей дамудың тетіктері» атты мақаласында өңірлер арасындағы дамудың әркелкілігі мен сәйкессіздігінің негізгі себептері мен олардың әлеуметтік салдарларына ғылыми тұрғыдан терең талдау жасады. Сонымен қатар, өңірлер экономикасын неғұрлым оңтайлы ұйымдастыру, қорларды барынша тиімді пайдалану, бәсекеге қабілеттілікті күшейту, жаңа өндірістерді құру арқылы экономиканы әртараптандыру сияқты маңызды міндеттерді шешудің жолдарын қарастырды. Бұл аталған міндеттерді шешуде барлық деңгейдегі басшылардың жауапкершілігін күшейту және жұмыстарының нәтижелілігін арттыру жолында орталық және жергілікті атқарушы органдар қызметін бақылау мен бағалаудың жаңа тетіктерін меңгерудің қажеттілігін алға қойды. Осы мәселелер бүгінгі таңда да өзекті болып отыр.

Кейін Парламент Мәжілісі депутаты бол­ғанда да С.Қанаев өңірлер мәселесін назардан тыс қалдырған жоқ. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысында «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша баяндама жасап, онда моноқалаларды аяғынан тұрғызу үшін алдымен кәсіпорындар ашу керек екенін, ал мұның өзі ондағы көптеген әлеуметтік проблемаларды, әсіресе, жұмыссыздық мәселесін шешудің бірден-бір жолы екенін қадап айтқан болатын. «Моноқалалардың проблемалары бүгін туған жайт емес. Ол көп жылдан бері қордаланған мәселелер. Моноқалаларға келесі жылы 37 млрд., 2015 жылы 48 млрд. теңге бөлініп отыр. Осы 27 қалаға, мен ойлаймын, бұл – үлкен қаражат. Осы қаржының арқасында жаңа жұмыс орындары да болады, бизнес те дамиды», деген ол істің мән-жайын толық ашып берген еді.

Мәжіліс отырысында кейбір өткір мәселелер бойынша халық қалаулылары тығырыққа тіреліп қалғанда, Секең өзіне тән турашылдық пен өзінің бай әлеуметтік-саяси тәжірибесіне сүйене отырып, ұтымды шешім тауып кететін кездері де бар. Оған мысал ретінде мына бір болған жайтты айта кеткен жөн. Ел Үкіметі Мәжіліске «Қазақстанның кейбір заң­намалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын енгізгені мәлім. Бұл жобалар Президенттің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Жолдауын, сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың, тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған еді. Үкімет жаңа тетікті – ауыл, кент және аудандық деңгейдегі қала тұрғындарына жергілікті қоғамдастықтың жиындарын (сход) шақыруды ұсынады. Үкіметтің ұстанымынша, осы жиын-сходтар арқылы тұрғындар жер-гілікті мәндегі барынша маңызды мәселелерді шешуге тікелей қатыстырылады. Әйткенмен, қалаулылар сол жиын-сходтарда елді мекендегі барлық тұрғындар пікірінің ескерілетіндігіне күмәнданады. «Бұл жергілікті жұртшылықтың жік-жік болып, араздасуына, рушылдық бөлінушіліктің күшеюіне ықпал етпей ме?», – деп қауіп қылады олар.

«Бұл жерде неден алаңдап отырмыз? – деді депутат С.Қанаев. –Қазірден біз көріп отырмыз, бір ауылдың төрт бұрышында төрт бейіт бар! Бөлініп жатыр. Ертең қалай болады? Біз қазір заңмен осыған жол беріп, қырқыстырып, әрі қарай бөлінуіне мүмкіндік береміз. Осыны байқау керек. Елбасы ең бірінші кезекте бірлік-ынтымақ жайын ойлауды қойған». Осылай деген ол жергілікті өзін өзі басқаруға ұсынылып отырған бұл тетіктерді жұмыс тобында арнайы пысықтауды ұсынды.

Халық қалаулысы ретінде Секең республика өңірлеріне жиі шығып, Елбасының ел алдына қойған стратегиялық мақсат-міндеттерін түсіндірумен бірге, өңірдің ерекшелігіне сәйкес ілгерілеушілікке жетудің жолдарын көрсетіп беруге тырысады. Оған бір жағынан, практика тұрғысында Парламентке дейін Президент Әкімшілігінде өңірлерді мемлекеттік тұрғыдан бақылау қызметіндегі алған мол тәжірибесі, екіншіден, теориялық жағынан ғылымның саясаттану саласы бойынша қорғаған докторлық диссертациясы да мүмкіндік беретіні сөзсіз. Оның айғағын Секеңнің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі ретінде үстіміздегі жылдың сәуір айының 10-ында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ғалымдары, оқытушылары және студенттерімен кездескендегі сапарынан көруге болады. Осы кездесуде депутат ең алдымен Елбасымыз Н.Назарбаевтың былтырғы жыл аяғындағы Жолдауына тоқталып, аса маңызды құжаттан туындайтын міндеттерді атап көрсетті.

«Қазақстан Республикасы жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орынға ие. Отанымызда 17 миллион адам ұлты, нәсілі және тегіне қарамастан, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Халқының саны жөнінен жер бетінде 63-ші орынды иеленеміз. Демек, осы қалпымызды қашанда нық ұстап, қолда барды бағалайық. Біз қазіргі елде қалыптасқан ынтымақ пен татулықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Мемлекеттің бар әлеуетін, соның ішінде аграрлық мүмкіндігін тиімді пайдалану керек. Демек, ауылды жаңғырту ісі Елбасының да, Үкіметтің де, қала берді Парламенттің де назарынан тыс қалмайды», деген еді ол.

Секең, сонымен қатар, білім мен ғылым және жас ұрпақты тәрбиелеу мәселелеріне де ерекше көңіл бөледі. Ол философия ғылымдарының кандидаты және саяси ғылымдар бойынша докторлық диссертацияларын еңбектен қол үзбей жүріп сәтті қорғап шықты. 70-тен астам ғылыми мақалалары мен саясаттанудың өзекті проблемалары бойынша бірнеше монографиялары мен оқу құралдары шыққан. Осы саладағы жұмыстарының нәтижесі қазір де қол үзбеген Білім және ғылым министрлігінде қызмет еткен кезінде көрінді. «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағымен марапатталуы осы сөзіміздің дәлелі.

Елге сіңірген еңбегі жоғары бағаланған Секеңнің омырауында «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» ордені жарқырайды. Бірақ С.Қанаев үшін ең жоғары марапат халқының қалаулысы ретінде Парламент депутаты атануы еді. Серікжан Зиаданұлына осы қызметінде табыс пен сәттілік тілейміз.

Сатай СЫЗДЫҚОВ,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры,

Күлтегін сыйлығының лауреаты.

Соңғы жаңалықтар