Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында өңеш атрезиясы диагнозымен, яғни туғаннан асқазан-ішек жолында ақауы бар 3 жасар пациентке өңеш пластикасы бойынша күрделі ота жасады, деп хабарлайды Egemen.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Бұрын бала өздігінен тамақтана алмайтын, ол асқазандағы арнайы түтікшемен ас ішетін. Операция нәтижесінде баланың туғаннан тамақ өтпейтін өңеші асқазанға жалғанды. Ота 5 сағатқа созылған. Енді өңештің қызметін асқазанның бір бөлігі атқарады және бала аузымен өзі тамақтана алады.
Хирургия бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Ахпаров Нұрлан Нұркинұлының туа біткен ас қорыту жолы ақауларын хирургиялық жолмен түзету саласында тәжірибесі мол.Бүгінде баланың жағдайы жақсы, ол реанимациядан бөлімшеге ауысты, өзі тамақтанады.Жыл сайын ПБХҒО-да өңірлерден келген 300-ден астам балаға туа біткен ас қорыту органдары ақауы бойынша операция жасалады. Шетелдік мамандардың көмегінсіз өңешті ауыстыру операциясы Қазақстанда тек ПБХҒО-да жасалады, жылына орта есеппен осындай 6-7 операцияға түрлі әдістеме қолданылады.Бала біткенде ұрықтың дамуына түрлі фактор әсер етуі мүмкін, соның салдарынан нәресте ауру болып туады. Сондықтан, ана денсаулығын күту, жүкті әйелдерді уақтылы есепке алу және оларды үнемі динамикалық бақылау өте маңызды.