• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Ақпан, 2021

Түркістан облысында есірткі тасымалдаушылардан 10 келіге жуық марихуана тәркіленді

305 рет
көрсетілді

Түркістан облысының полицейлері есірткі тасымалдаушылардан 10 келіге жуық марихуана тәркіледі, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Түркістан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бірлескен операция барысында ірі көлемде есірткі құралдарын заңсыз тасымалдау және өткізу жайтының жолын кесті.

Анықталғандай, күдіктілер есірткіні Жамбыл облысынан Кентау қаласына тасымалдамақ болған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Түркістан облысы ПД ЕҚҚІҚБ қызметкерлері мен Кентау ҚПБ полицейлері бірлесіп, автовокзалдардың бірінен екі күдікті адамды ұстады, олар бұрын сотты болған Жамбыл облысының және Кентау қаласының тұрғындары. Олардың біреуінің сөмкесін тінту кезінде жедел уәкілдер құрамында өсімдік тектес есірткі бар пакетті тауып алып, тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес алынған есірткі тектес зат 10 кг-ға жуық «кептірілген марихуана» екені анықталды.

Қазіргі уақытта аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу оқиғаның барлық мән-жайы мен есірткі құралдарының жеткізу арналарын анықтайтын болады.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыс жасағаны үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Егер сізде есірткіні заңсыз сақтау немесе сату жайттары туралы ақпарат болса, тез арада “102” нөмірі арқылы полицияға хабарласыңыз.