Тұрғын үйді жалға алу құнын анықтайтын әлемдік рейтингте Қазақстан 138 елдің ішінен 107-орын иеленген. Рейтинг Нью-Йорк индексіне (100) сүйене отырып, әр елдің жалға алу құны қаншалықты қымбат немесе арзан екенін зерделеп көрген.
Егер ел индексі 110 болып кетсе онда жалдау құны Нью-Йоркке қарағанда 10 пайызға қымбат, егер индексі 95 болса, жалдау құны америкалық мегаполиске қарағанда 5 пайызға арзан деген сөз. Бұл орайда Қазақстанның индексі 9,31-ді құрайды.
Жалға алу құны ең қымбат елдер – Бермуд аралдары (92,86), Гонконг (74,24) және Сингапур (64,77). Рейтинг дерегі бойынша әлемдегі ең арзан жалдау құны Ауғанстанда тіркелген.
2020 жылдың желтоқсан айындағы көрсеткіш бойынша Қазақстандағы жағдайы келіскен тұрғын үйді жалдау құны шаршы метріне 1,6 мың теңгені құраған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 9,3 пайызға жоғары. Қараша айымен салыстырғанда баға 1,2 пайызға өсіпті. Өңірлер бойынша ең қымбат баға Нұр-Сұлтан (2,9 мың теңге), Алматы (2,3 мың теңге), Ақтау (2 мың теңге) қалаларында тіркелсе, ең арзан баға Семейде – шаршы метріне 1,2 мың теңге.
Krisha.kz дерегі бойынша Алматы қаласындағы аренда құны шаршы метріне 2500 – 2700 теңге аралығында өзгеріп отырады. Арнайы мониторингте аумағы 36-ден 90 шаршы метрге дейінгі пәтерлер қарастырылған. Орналасқан ауданына байланысты бір бөлмелі пәтер арендасының орташа құны 76 000 – 140 000 теңге аралығында болса, екі бөлмелі пәтерді жалдау үшін 105 000 – 195 000 теңге аралығында қаражатың болуы шарт. Ал үш бөлмелі үйлер 118 мыңнан 225 мыңға дейін шарықтайды. Аналитиктердің айтуынша, бір жыл ішінде құн 7-10 пайыз аралығында қымбаттап отыр. Ең арзан баспаналар Түрксіб, Наурызбай аудандарында орналасса, Бостандық, Алмалы, Медеу – шаһардың қымбат аудандары саналады.