Еуразиялық экономикалық одақ елдері ұлттық валюталарының әлемдік саудадағы үлесі 2 пайызға жуық қана. Алайда одақтың өз ішіндегі сауданың 74 пайызы ұлттық валютамен жүргізіледі. Сауда операцияларында бұрын рублдің ғана үлесі басым болса, соңғы уақытта теңгенің де белсенділігі артқан.
Еуразиялық даму банкінің жақында жариялаған сараптамасында ұлттық валюталардың қазіргі ахуалы және келешектегі өсу потенциалына анализ жасалған. Ресей мен Қазақстан арасындағы саудадағы теңге үлесі 5 пайызға жеткен. 2013 жылы бұл көрсеткіш небәрі 2 пайызды құраған. Үшінші елдермен сауда-саттықта ЕАЭО ұлттық валюталарының импорт төлемдеріне қызмет көрсетудегі үлесі шамамен 24 пайыз болған. Ал экспорттағы ұлттық валюталардың үлесі бар болғаны 9 пайызға жеткен. Бұл төлемдер негізінен доллармен жүзеге асатын отын-энергетикалық өнімдер экспортының едәуір үлесімен байланысты.
«Қазақстанның ЕАЭО елдерімен сауда байланысында теңге үлесі рубль үлесіне қарағанда аз. Алайда сауда операцияларына көрсетілген қызметтерде теңге белсенді пайдаланылып жүр. Әсіресе, оның айтарлықтай үлесін Қырғызстанмен сауда қатынасынан байқауға болады. Егер Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы саудадағы теңге үлесі 2013 жылы 15 пайыз болса, 2019 жылы 19 пайызға жетті. Ресей мен Қазақстан арасындағы саудадағы теңге үлесі 5 пайызға жетті»делінген зерттеуде.
ЕАЭО елдерінің үшінші елдермен импорттық сауда байланысындағы доллар үлесі жыл санап төмендеп келе жатыр дейді банк. Соңғы жеті жылда доллардың үлесі 43-тен 37 пайызға кеміген. Ал одақ елдері арасындағы сауда қатынасындағы ұлттық валюта үлесі 74 пайызға дейін жетіп отыр.
Банктің жазуынша, одақ елдері неғұрлым доллардан алыстаған сайын соғұрлым экономикасы жандана түспек.
«ЕАЭО аясындағы интеграциялық процестер жалпы экономикалық мәселелерді ғана емес, өңір дамуына серпін беретін терең проблемаларды шешуге де ықпал етеді. Долларлану деңгейінің төмендеуі ЕАЭО елдерінің одан әрі тиімді дамуының маңызды шарттарының бірі» деп жазады ЕДБ.
Дегенмен доллардың үстемдігін ешкім де түбегейлі жоққа шығара алмайды. Әлемдік резервтің 60 пайызы доллармен жасалса, еуроға резервтік активтердің 20 пайызы тиесілі. Британия фунты мен жапон иенасының үлесі 5 және 6 пайызды құраса, қытай юанының үлесі 2 пайызға бағаланған.