Биыл 90 жылдығы тойланатын Мұқағали Мақатаевтың әдеби мұрасын қайта жаңғыртуға жетісулықтар да құлшына кірісті. Өйткені Қарасаздан түлеп ұшқан ақынның рухани тамыры өзі туған өлкемен тығыз байланысты.
Мұқағали мұрасын жаңғырту ісіндегі ілкімді жобаның бірі – ақын өлеңдерін өзге тілдерге аудару болса керек. Ал Алматы облысы биылғы тойға тарту ретінде қаламгер шығармаларының орыс тіліндегі нұсқасын жинақтап, кітап етіп шығарып отыр. Жақында «Возвращение ласточки» деп аталатын жинақ облыс оқырманының қолына тимекші. Бұл жинақта Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері ақын, аудармашы Орынбай Жанайдаровтың тәржімасымен берілген. Кітап 500 данамен таралады.
Жалпы, биыл ақынның туған ауылында мерейтойлық шара өтеді. Дайындық барысында Қарасаз ауылындағы ақын музейін жаңғыртып, аудан орталығында Мұқағалидың еңселі ескерткішін тұрғызу жоспары бар. Ал жақында Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әндерді орындаудан «Жырлайды жүрек» республикалық байқауы өз мәресіне жетті. Онлай өткен ән сайысының қорытындысы ақынның туған күні – 9 ақпанда жария болмақ.
– Ақынды ұлықтау ісі мұнымен тоқтамайды. Жаз айларында кәсіпқой суретшілер арасында «Мұқағали – мәңгілік бейне» атты облыстық пленэрлер, фотокөрмелер өткізіледі. Бикен Римова атындағы облыстық драма театрында «Мұқағали» спектаклі қойылады. Одан өзге, республикалық, облыстық ақындар айтысы, әншілер байқауы, ғылыми-практикалық конференциялар мен түрлі деңгейдегі көрмелер мен кездесулер, танымдық сағаттар, турнирлер, оқулар өтеді, – дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев.
Алматы облысы