Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында COVID-19 қарсы вакцинаның тиімділігінің төмен, тек 8% екендігі туралы ақпарат жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
Неміс ғалымдары AstraZeneca препаратына қатысты осындай қорытынды жасаған екен. Бұл ақпаратты Германияның Федералды үкіметі мен өндіруші компания өкілдері ресми түрде жоққа шығарды.
Бұл жаңалық алғаш рет HANDELSBLATT неміс басылымында үстіміздегі жылдың 26 қаңтарында шыққан. Мақала авторы вакцинаның тиімділігі төмен екендігі туралы ақпаратты тікелей федералды үкімет мүшелерінен алғанын хабарлады.
Алайда, кейіннен үкіметтің өзі бұл жайтты жоққа шығарды.
«Бір қарағанда, есептерде екі нәрсе араласқан сияқты. AstraZeneca тиімділігін зерттеуге қатысушылардың шамамен 8%-ы 56-дан 69 жасқа дейінгі адамдар, тек 3- 4 пайызы ғана 70 жастан асқандар. Бірақ бұл егде жастағы адамдар үшін тиімділік тек 8% құрайды дегенді білдірмейді», деп мәлімдеді үкімет өкілі.
AstraZeneca компаниясының ресми өкілдері де бұл ақпаратты жоққа шығарып, егде жастағы адамдарды вакциналаудың жоғары тиімділігі қан анализімен дәлелденгенін жеткізді.
Бұл деректер Lancet ғылыми журналында жарияланған вакцинаның клиникалық зерттеулері туралы есептер де растайды.
Демек, 65 жастан асқан адамдар арасында COVID-19 қарсы вакцинаның тиімділігі төмен екендігі туралы хабарламалар негізсіз болып табылады. HANDELSBLATT басылымы тәуелсіз фактчекерлерге ақпарат көздері туралы деректерді немесе қандай да бір өзге растайтын мәліметтерді ұсынбағанын атап өткеніміз жөн.