Карантиндік шектеу шараларының әсері ме, шет елдерден келетіндер шектен шыға бастады. Әсіресе қоңсы отырған көршілес мемлекеттен жұмыс іздеп, ел аумағына кіргендер шеткері орналасқан елді мекендерде жасырынуға бейім екен. Тіпті олардың арасында Қазақстанның аумағынан шығып кету туралы сот шешімін орындауға құлық танытпайтындар да бар.
Бірақ олардың көзден тасаланбақ болған «жасырынбақ» ойыны ұзаққа бармады. Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп, сот шешімін орындаудан бас тартып жүргендерді анықтады. Сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаты болмаған шетел азаматтары да ұсталды.
– Аталған іс-шараның мақсаты – ел аумағында шетелдіктерге тиісті бақылауды күшейту. Сондай-ақ ел заңнамасын жүйелі түрде бұзатын шетелдіктердің қолданыстағы заңнама талабына сәйкес елден шығып кетуін қамтамасыз ету, – дейді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев. – Біздің қызметкерлер Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзып, ел аумағынан өз еркімен шығып кету жөніндегі соттың қаулысын орындамай жүрген Өзбекстан Республикасының 24 азаматын әшкереледі. Полиция қызметкерлері шетелдіктерді елден мәжбүрлеп шығару шарасын жүргізді.
Ал Атырау қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Ерлан Биғамбаевтың айтуынша, «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде 200-ден астам шетелдік азаматқа түсіндіру жұмысы жүргізіліпті. Сонымен бірге облыс орталығына таяу орналасқан Жұлдыз, Томарлы, Көктем, Ақжар, Еркінқала, Балауса, Жұмыскер, Ракуша, Алғабас, Тасқала, Көкарна, Водников елді мекендеріндегі жеке тұрғын үй секторы мен саяжайлар тексерілді. Нәтижесінде, жеке басын куәландыратын құжаты жоқ 25 шетелдік азаматтың жүргені белгілі болды. Олардың жеке басы анықталғаннан кейін Қазақстан Республикасында болу заңдылығы тексерілді. Еліміздің көші-қон туралы заңдылығын бұзған «меймандарға» қатысты әкімшілік шаралар қолданылды.
– Тексеру кезінде көші-қон заңдылығын бұзудың 119 дерегі тіркелді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Өзбекстан Республикасының 119 азаматы және Қазақстан Республикасының 41 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді ол.
Атырау облысы