• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 09 Ақпан, 2021

Ұшақ амалсыздан тас жолға қонды

353 рет
көрсетілді

Өскеменнен Зайсанға бағыт алған АН-2 санитарлық авиация ұшағы шұғыл қонуға мәжбүр болды. Анықталғандай, Өскемен – Алматы тас жолының 23-нші шақырымына жеткенде қозғалтқышы істен шыққан.

Экипаж құрамында реаниматолог-анестезиолог Ермек Бекетаев пен Шығыс Қазақстан облыстық сани­тар­лық авиация бөлімінің фельдшері Антон Волков болған. Айту­ла­рынша, ме­дициналық бригада Зайсан қала­сын­да инсульт алған әйелге көмек көр­сету үшін ұшып бара жатқан.

Индустрия және инфрақұры­лым­­­дық даму министрлігі оқи­ға­ны растап отыр. Абырой бол­ған­да, экипаж мүшелерінің еш­қай­сы­сы зардап шек­пеген. Ал ұшақ «Навигатор» ЖШС-не тиесілі.

– Зардап шеккендер жоқ. Ұшаққа да зақым келмеді. Бортта үш экипаж мү­шесі мен екі медицина қызмет­кері бол­­ған, – деп хабарлады министр­лік­­тен.

Күні кеше «Жедел жәрдем» көлігі жол көлік апатына ұшырап, шығыс өңір тұрғындары қос бірдей медицина қызметкерлерінен айы­рыл­ған. Енді міне, ұшақтан ақау шығып, тағы да ақ халаттылар жазым бола жаздады. Алайда «Құдай сақтанғанды сақ­тай­ды» деген тәмсіл бар емес пе?! Осын­дай оқыс жағдайды болдырмау үшін қандай шаралар қабылданады деп Шығыс Қазақстан облыстық ден­сау­­­лық сақтау басқармасына хабар­лас­­қан­­быз.

– Қазір санитарлық ұшақ­тар­дың тех­никалық мәсе­ле­сін айтып, Ден­сау­лық сақтау министрлігіне хат да­­йындап жатырмыз. Өйткені қада­­ға­лау­ды республикалық «Са­нитарлық авиация» мекемесі жүр­гізеді, – деді Ден­саулық сақтау бас­қармасының бас­шысы Жайық Жұмаханов.

Еске салсақ, бұл – Шығыс Қа­зақстан облысында АН-2 са­ни­тар­лық авиа­ция­сының қаты­суы­­мен болған төртінші төтен­ше жағдай.

Тура бір жыл бұрын, 26 ақпанда Өске­меннен шыққан ұшақ­тың қоз­ғалт­­қышы істен шы­ғып, қалың қарға құлаған. Ол кезде санитарлық ұшақ Тар­ба­ға­тай ауданы, Ақсуат ауы­лын­­дағы 4 айлық нәрестені облыс орта­лы­ғына жеткізу мақсатында ұшып шыққан еді. Әйтеуір, ол кезде де ме­ди­цина қызметкерлері мен экипаж мү­ше­лері аман қалған.

Қашанғы ақ халат­­ты­лардың өмірін қатерге ті­ге­міз?! Нау­қас тасымалдауға арнал­ған ескі ұшақ­­тар тізімнен шыға­ры­лып, жаңар­ты­ла­тын уақыты жеткен шығар.

 

Шығыс Қазақстан облысы