• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Ақпан, 2021

Топырлап жүру тыйылмай тұр

267 рет
көрсетілді

Өткен аптада Атырау қаласының бас санитар дәрігері Қанат Ғайнеденов карантиндік шектеу шараларын күшейту туралы жаңа қаулыға қол қойды.

Қаулыға сәйкес Атырау қала­сында эпидемиялық ахуал толық тұрақталғанға дейін каран­тиндік шектеу іс-шаралары сақталады. Әсіресе көпшілік мерекелік, ойын-сауық, көпшілік мәдени, спорттық, білім беру саласында, көрмелерді, корпоративті, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ отбасылық банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алулар, оның ішінде үйде және жаппай адамдар жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге тыйым салынып отыр. Сондай-ақ қаладағы ойын-сауық нысандарының, банкет зал­дары­ның, түнгі клубтардың, караоке, компьютерлік және ойын клубтарының, кальян, букмекерлік кеңселердің қыз­метін, меншік нысанына қара­мастан мектепке дейінгі балалар мекемелерінің (кезекші топтарды қоспағанда), мәдени нысандардың, жеке, топ­тық дайындықтарды қоса алған­да кинотеатрлардың, театр­лардың қызметі тоқтатылды.

Мұндай шектеу шараларын күшейтуге не себеп болды? Әрине, алдымен бұл мейрам­ханалар мен дәмханалардың шек­теуді сақтамауына қатысты болып отыр. Өйткені Атырауда осы сала­дағы кәсіпкерлік нысандары каран­тин талабын жиі бұзады. Мә­се­лен, үш күн­де 20-ға жуық кәсіп­керлік нысаны ие­лері бұл талап­ты сақтамайтыны анықталды. Мұн­­дай дерек Атырау қалалық по­ли­ция басқармасы мен қала­лық әкімдік қызметкерлерінен құ­рал­ған мониторингтік топтың жүр­гіз­ген рейді кезінде анық байқалды.

– Атырау қаласында 29 қаң­тарда кешкі сағат 21:40-та Chechil Pub бары, ал сағат 22:45 шамасында Vivaldi, сағат 23:30-да Urban мейрамханасы жұмыс істеп тұр­ғаны белгілі болды. Аталған мей­рамханалардың әрқайсысының ішінде шамамен 30-ға жуық адам болған. Каран­тиндік шектеу талабын «Эльдорадо» мейрамханасы мен «Керуен» тойханасы да бұз­ған. Соңғысында 20-ға жуық адам­ның қатысумен туған күн кеші өткен. Сондай-ақ «Морокко» мей­рам­ханасында 50-ден астам адамға қызмет көрсетілген, – деп ақпарат таратты облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Ал 30 қаңтарда «Рыба моей мечты» караоке, «Лото» ойын-сауық клубы, «Тофу», «Родем», «Аспандияр» мейрамханалары шектеулі уақыттан кейін жұмыс істегені белгілі болды. Бұған дейін «Рыба моей мечты» клубы мен «Тофу» мейрамханасы карантин режімін бірнеше рет бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған еді. «Аспандияр» мейрамханасында да туған күн кеші өтіпті. Осындай дерек 31 қаңтарда да анықталды.  Жексенбі күні «Маша и Медведь», «Кәусар», «Сұлтан Холл» мейрам­ха­наларында 40-50-ға адамға де­йін қа­тысқан туған күн кеші тойла­нып­ты. Жұмыскер кентінде ор­на­­лас­қан «Керемет» моншасы да ке­лу­­ші­лерге қызмет көрсетеді екен. Сон­­­дай-ақ 31 қаңтарда «Персона А», «Белучи» киім дүкендері шектеу­ге қа­рамастан жұмыс істеп тұрған.

Карантиндік шектеу талап­тарын бұзуға байланысты анық­тал­ған деректерге қатысты жи­нақ­­тал­ған іс-құжаттар Атырау қа­ла­лық сани­тариялық-эпиде­мио­­логиялық басқармасына жол­дан­ды. Алайда карантин талабын бір емес, бір­неше рет бұз­ған мей­­рамханалар мен клубтар жұ­мысын әлі жалғас­тырып келеді. Неге?

 

Атырау облысы