«Батыс» өңірлік қолбасшылығы командалық-штабтық жаттығуды жиі өткізеді. Өйткені әскери бөлімдердің сарбаздары жоғары жауынгерлік дайындықта болуы керек. Соған орай құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Талғат Қойбақовтың басшылығымен өткен жаттығудың бірнеше кезеңінде штабтар мен командалық-басқару органдары бағынысты бөлімшелерді басқару бойынша біліктілігін арттырды.
– Көп сатылы командалық-штабтық жаттығуларға әр деңгейдегі штабтар қатысады. Құрлық әскерлері, өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бөлімдер деңгейінде тәжірибелік жұмыстар жүргізіледі. Басты мақсат – алыс қашықтықта орналасқан басқару органдарының арасында заманауи техникалық байланыс құралдары көмегімен ақпарат алмасу, – дейді «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты жедел басқарманың бастығы, полковник Талғат Кенжетаев.
Оның айтуынша, командалық-штабтық жаттығулар – командирлердің, штабтар мен командалық-басқару қызметтерінің бірлескен жаттығуының бір түрі. Мұндай оқу-жаттығулар кезінде әскери істі жетілдірудің жаңа түрлері зерттеліп, бағынысты бөлімшелерге басшылық етудің жетілдірілген әдістері сараланады. Мәселен, барлаушылар – әскерилердің көзі мен құлағы. Сондықтан олардың дайындығы өте күрделі, ауыр әрі қызықты ахуалдарға толы болады.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының оқу полигондарында барлаушылар тобы жауынгерлік атысты орындап, қосымша іздеу, рейд пен торуылдау жүргізуді пысықтады. Барлау бөлімшелері күндізгі және түнгі уақытта штаттық қарудан жауынгерлік атуды жүргізді. Соның ішінде өткен жылдың күзінде шақырылған мерзімді қызметтегі сарбаздар алғаш рет бөлімшелер мен топтардың құрамында тәжірибелік барлау жаттығуларына қатысты.
Барлаушылардың жауынгерлік атыстары заманауи ұрыстарға барынша ұқсас жағдайда ұйымдастырылды. Жеке құрам қорғаныста, шабуылда, сондай-ақ жорықта әрекет ету қабілетін шыңдады. Жауынгерлік атыс кезінде командирлердің деңгейін тексеруге, тез өзгеретін ортада бағыныштыларды басқаруға ерекше назар аударылды. Бөлімшелер әсери тапсырмаларды негізгі күштерден алыс жерде шағын топтар құрамымен орындауды үйренді.
– Жауынгерлік атыс – жеке құрамның жауынгерлік үйлестіру мен атысты даярлаудың соңғы кезеңі болып табылатын тактикалық дайындықтың ең жоғары формасы. Атысты жүргізу үшін штаттық, сонымен бірге бекітілген бөлімшелердің барлық қару түрімен жердегі және әуедегі нысаналарды атуды қамтамасыз ететін орта жасалды, – дейді арнайы барлау ротасының командирі, капитан Қобыланды Маратов.
Сондай-ақ барлау бөлімшелерінің далалық жорығы кезінде олардың дербес жағдайға бейімделуі мен кедергілер жолағынан өтуі, атыс жаттығуларының нормативтерін орындауы ерекше қадағаланды. Барлаушылардың пайымдауынша, тактикалық дайындықтың бұл кезеңі олардың өзара үйлесімділігін жақсартып, жеке құрамның атыс дайындығын арттыруға зор септігін тигізеді.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығында мұндай жауынгерлік дайындық бағдарламасы әскери байланысшылар үшін де өткізілді. Байланысшылар штаттық техникаларда нормативтер мен тапсырмаларды орындауды тағы бір рет тиянақтады. Мұндай арнайы тактикалық дайындық әскерилерді оқыту мен далалық машығын арттыратын негізгі пән деуге болады. Өйткені әскери бөлімшелердегі жеке құрамның (экипаж) ұрыс жағдайының әр кезеңінде байланыс құралдарын орналастыруы үшін үйлесімді әрі тиянақты іс-әрекеттерді кешенді түрде пысықтауға мүмкіндік береді. Ал тұрақты орналастыру пункттеріндегі тәжірибелік жаттығуларда әскери байланысшылар рота командирлерінің басшылығымен байланыс құралдарының жалпы құрамын, стансалар мен аппаратураларды құруды, байланыс орнатуды зерделейді. Сондай-ақ әскерлер мен қызмет бастықтарының радио желісінде радиотренингтер өткізеді.
– Арнайы тактикалық дайындық кезінде жеке құрам штаттық радиостансалар мен аппаратураларда тапсырмаларды орындады. Себебі әр экипаж – белгілі бір аумақта жоғары штабтың тапсырмасын жеке орындай алатын жауынгерлік бірлік. Сондықтан дайындықты жоғары деңгейде өткізудің маңызы зор, – деді радиотарату командирі, лейтенант Әділет Құрмашев.
Енді алдағы тактикалық-жауынгерлік дайындық кезеңінде әскери байланысшылардың шеберлігін бөлімше мен экипаждар құрамында бірыңғай нормативтер бойынша бағалау көзделіп отыр. Кейін жауынгерлік даярлық взвод құрамында жалғасады. Командирлердің пікірінше, әскери байланысшылар үнемі жоғары жауынгерлік дайындықта болуы керек. Өйткені ел қорғаны саналатын қуатты әскер үшін барлық деңгейдегі ақпаратты қабылдау мен тарату байланысшыларға жүктеліп отыр.
Атырау облысы