• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
24 Желтоқсан, 2013

Батырлықтың бастауы

867 рет
көрсетілді

«Бауыржан Момышұлы» телесериалы туралы толғаныс

Ән мен үн

Халық батыры Бауыржан Момыш­ұлының көзі тірісінде, 1967 жылы белгілі кинорежиссер Мәжит Бегалин «Ел басына күн туса» фильмін түсірді. Сценарий авторлары – Мәжит Бегалин мен мәскеулік Василий Соловьев еді. Фильм алғашында Александр Бектің «Арпалыс» повесінің желісімен дүниеге келуі тиіс болатын.

«Бауыржан Момышұлы» телесериалы туралы толғаныс

Ән мен үн

Халық батыры Бауыржан Момыш­ұлының көзі тірісінде, 1967 жылы белгілі кинорежиссер Мәжит Бегалин «Ел басына күн туса» фильмін түсірді. Сценарий авторлары – Мәжит Бегалин мен мәскеулік Василий Соловьев еді. Фильм алғашында Александр Бектің «Арпалыс» повесінің желісімен дүниеге келуі тиіс болатын.

Басты кейіпкер – қазақтың қаһарман ұлы. Кеңестік саясаттың қылышынан қаны тамып тұрған кезде көзі тірі адамға арнап көркем фильм түсіруге кім рұқсат беріпті. Және мұнда ұлттық рухты көтеретін керемет бір көрініс бар. Жаудың Мәскеуге барар жолын кесуде Бауыржан бастаған батальон жойқын ерлік көрсетеді. Анталаған дұшпанның оғы сарбаздарды алға бастырмай қояды. Ол үшін кеудедегі намыс отын үрлейтін, қасарысқан дұшпанның жігерін құм ететін батыр ұлдың ұраны керек еді. Жер бауырлап алға ұзай алмайсың. Кенет ортадан суырылып «Отан үшін! Ел үшін!» деп ұмтыла берген сарбаз әп-сәтте жау оғынан жер құшты. Арада сәл уақыт өтпестен тағы бір намысты ұл айбарлы үнмен атылып шыға келгенде жаңбырша жауған оқтан лезде мерт болды. Осы тұстағы орындалған «Жас қазақ» әнінің құдіреті сұмдық. Екі көзге мөлтілдеп жас келеді. Тұла-бойыңыз елжіреп, ән аяқталғанша жан-дүниеңізді бөлек күй тербейді. Одан бері арада қаншама жылдар өтті. Құстар әнімен дала құлпырып, бұлақ үнімен жан семірді. Алайда, бірақ әлі де сол әннің бойға тараған құрыш қуаты құлағыңның түбінен кетпей тұрып алады. Ән әсері осыншама өткір болар ма? Мәскеудің ержүрек қорғаушылары жайлы фильмді қолға алған Мәжит Бегалин идеясының біраз уақыт жүзеге аспай, алдынан түрлі кедергілердің кесе-көлденең шыға беруіне мүмкін осы бір ән қатты әсер етті ме деп ойлайсың. Өйткені, мұнда ұлттық рухтың иісі аңқып тұрған еді. Батыр Баукеңнің соңынан ерген қазақ сарбаздарының бейнесін алпысыншы жылдардың соңында бұлай ерекше екпінде баяндау, расын айтқанда, ерлікпен барабар еді. Фильм Мәскеуді жанқиярлықпен қорғап қалған қазақ дивизиясының ерлігін еш қымсынбай елге ұсынуымен ел есінде мәңгі қаларына біз де бүгін нық сенім білдіреміз.

Адамның басы, мойны, кеудесі, аяғы болатыны сияқты, фильм де тірі ағза. Тыныс алады. Өмір сүреді. Ғұмыр сыйлайды. Көркемдеп бейнелесек, мұндағы музыка, ән – соғып тұрар жүрек. Жүректегі нәрсе өшпейді. Баукең туралы тәуелсіздік тұсында дүние­ге келген экрандық туынды бұл та­лапқа қалай жауап береді? Еркін сам­ғаған елдің еріне көрсеткен құрметі көң­іл көншіте ме? Ұлттық рухтың оты ортақ мүддеге ұйыстыра ала ма? Бұл туралы сәл кейінірек тоқталайық. Ал­ды­мен бастаған ойымызды аяқтап алайық.

Соңына қарай сценарийі Бауыржан Момышұлының кітабы мен оның материалдары негізінде жазылған туындының тарихы жайында бір білетін әңгімеміз, бұл фильмнің тоқтап қала жаздаған жүрегін Баукеңнің үні қайта тірілткен көрінеді.

Мемкино өмірде бар адам туралы фильм түсіруге болмайды деген қисынды алға тартып, қисайып тұрып алады. Тарихтың тартпасындағы шындықты тат баспайды. Тауып алдық. Қазақстанның сол кездегі Мәдениет министрі Ілияс Омаров Бауыржан Момышұлына түсіруші топқа барып көмек беруін сұраған екен. Қашанда әділдік пен адалдық жолында ақ найзадай жарқылдайтын Баукең алғашында бұл ұсынысқа қарсылық білдіргенмен, соңынан келіседі. Мемлекеттік ки­но комитетінің бастығы Алексей Рома­новқа жолығады. «Егер көзі тірі адам жайлы фильмге тыйым салу ойы мемлекет деңгейінде қолдау табады деп есептесе, онда қазір «Москва» қонақ үйінің 720-шы нөмірінде тұрып жатқан полковник Момышұлын өлтірсін деп бұйырыңыз. Сонда жолдас Баскаковтың ойы да іске асады, мемлекеттік ақша да желге ұшпайды. Адамдардың еңбегі де бекерге зая кетпейді», – деп бір ауыз сөзбен мәскеулік басшылардың мысын басып тастайды.

«Ұялған тек тұрмас» демекші, ұтқыр сөзден ұтылған Мемкино бастығы орынбасары Баскаковқа табанда қоңырау шалады: «Фильмді тез арада қабылдаңыз». Осы арада айта кетейік, мұндағы генерал-майор Панфиловты мәскеулік актер Всеволод Санаев сомдаған болатын. Ал Бауыржан Момышұлының экрандағы ең алғашқы көркем бейнесін бекіткен адамның кім екенін біреу біліп, біреудің білмеуі кешірімді. Себебі, «Ел басына күн туса» фильмі өз кезеңіне, тұтас ұрпақтар армиясына адал қызмет көрсете алды. Өзінің миссиясын орындауда ешкімнің алдында қарыздар болып қалған жоқ. Бауыржан Момышұлының жастығы мен қартайған кезін ойнаған қырғыз актері Асанбек Өмірәлиев пен Кәукен Кенжетаевтың да кейіпкер бейнесін дәл беру нысанасынан мүлт кеткен жайы байқалмайды. Енді бауыржантанудың жаңа кезеңінің беті басталды. Тұлғаны бүгінгі ұрпақ танымымен пайымдау парағы ашылды.

Ұлттық жобаның ұстыны

Белгілі кинорежиссер Ақан Сатаев Кеңес Одағының Батыры, көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған алып тұлғалы жауынгер рухына арнап «Бауыржан Момышұлы» атты төрт сериялы телехикая түсірді. «Хабар» агенттігінің тапсырысы бойынша дүниеге келген телехикаяның сценарийін Ти­мур Жақсылықов жазған. Идея авто­ры – Айдос Үкібай. Қоюшы-опера­торы – Хасан Қыдырәлиев. Екінші дүние­жү­зілік соғыста асқан ерлігімен, кесек мі­незімен ерекшеленген батыр ту­ралы экрандық туындының сюже­тіне Александр Бектің «Арпалыс» («Во­локолам тас жолы») повесі арқау етілді.

 Телехикаяның бірінші сериясы 1941 жылдың шілдесінен өрбиді. Аға лей­тенант Бауыржан Момышұлы әске­ри комиссариатта қызмет етіп жүргенде майданның алғы шебіне сұранады. Бірақ бұл ойы тез арада жүзеге аса қой­майды.

 Алматыға дивизия жасақтау мақсатымен генерал-майор Панфилов келеді. Көп сыннан өткен, кәнігі маман ретінде өзіне үлкен міндет жүктелген ол Бауыржанға әскерге сарбаз жасақтауды тапсырады. Батальонға командир етіп тағайындайды. Талғардағы шағын білім ордасы сарбаздарды майданға дайындайтын әскери мектепке айналады. Қолына қару ұстап көрмеген ауыл түлектері бейбіт өмірде түрлі кәсіпті меңгергенмен, әскери ереже мен тәртіптен мүлде бейхабар. Аз уақытта оларға қолға қалай қару ұстауды, нағыз сарбаз өзін қалай тәрбиелеу керектігін үйрету оңайға түспесі анық. Әскери адам үшін назарда ұстайтын ең басты нәрсе – қашанда қатаң тәртіп. Мұнсыз алға қойған мақсат орындалмайды. Ортақ ережеге көндіре білу қаншалық қиындық туғызса, оларды бір идеяға топтастыру да соншалық күрделі шаруа. Ол үшін алдымен өзің сол жолда адал болуға тиіссің. Айтқан сөзің мірдің оғындай өткір, атқарған ісің азаматқа лайық өнегемен өріліп жатуы тиіс. Олай болмаған жағдайда бес саусақ бірікпейді. Бес саусақ жұмылып, жұдырық болуы үшін қатардағы сарбаздармен бірдей тұрып, олар шығар белеске де теңдей араласу маңызды. Мұндайда беттеген биігіңді белден кесіп тастауға дайын қарсыластар да бой көрсетпей тұрмайды. Қарсылыққа қалай жауап беру керек? Ең бастысы, өз ісіңе адал, өз міндетіңе тастай мығым болуың керек. Талғар жеріндегі күнделікті әскери дайындық барысында соның бәрі кейіпкерді шыңдай түседі, кәсібіне сүйіспеншілікті арттырады. Өзгелердің өзіне деген сенімін нығайтады. Телехикаяның алғашқы екі сериясы түгелдей Бауыржанның жас сарбаздарды әскери әдіс-тәсілге баптау шеберлігіне арналады. Бәрінен маңыздысы, ол өз талабының орынды екендігіне, алған бағытының дұрыстығына сенімді. Ол бастап барған батальонның жау екпінін бөгеудегі жойқын ерлігі сол мақсаттың ойдағыдай орындалғанына көз жеткізеді. Қиындыққа шыдай алмай, қырын қараған әріптестері саптан шығып, сағы сынады. Басқан ізін аңдып, тырнақ астынан кір іздеген базбір «партияшыл» бақталастары балтасының жүзі қайырылып, бармақ тістейді.

Үшінші серияның соңы мен төр­тінші серия батырдың майдан бары­сын­дағы әрекеттеріне құрылған. Со­ғыстан тайсақтап, жан сауғалап қаш­қан солдаттардың азғыруына жол бермей қарсы тұра білген келбеті мығым. Ер мінезі сыналар сәтте ездік танытқан қоян жүрек қорқақтарды аямайды. Қатардан қашып, қалтарыста өз қолын өзі атып келген қандасын қалың топтың алдында ату жазасына үкім шығарады. «Ағатайлап» алдына жығылған байғұстың кінәсін бір жолға кешер деген ойға байланып отырғанда, бұйрық орындалады. Қазіргі заманның көзімен, әрине, тым қатал, тым асығыс шешім болып көрінуі мүмкін. Бірақ Панфилов тарапынан бұл әрекеті құпталады. Отаның отқа оранып, ордаңа озбыр жау ойран салып жатқанда мұндай сатқындыққа барабар бас сауғалауды кешірудің өзі күнә болар еді. Әрі майданның мағынасын баршаға ұқтырған ащы сабақ болып қалды. Қарудан қалыстырмай қаламды қатар ұстаған қаһарманның: «Отан үшін отқа түс – күймейсің», «Адал ұл ер болып шықса – ел тірегі», «Арсыздан айуан артық», «Олжа елдікі – оған тимегін», «Намысты нанға сатпа», «Опасызда отан жоқ», «Ел үшін аянба – ерлігіңе сын», «Ердің туы – намыс», «Ердің Еділ тобығынан келмейді», «Сен жау­дан қашсаң, өмір сенен қашады» деген қанатты қағидаларының қашанда халқымыздың қастерлі ұғымы болып сақталып қала беретіні сондықтан. Отанға обал жасаған оңбайды.

 Момышұлының батальоны Во­локолам тас жолындағы Матренино ауылы маңында қаһармандықпен жауға қарсы күреседі. Қазақстандық жауынгерлер неміс басқыншыларын үш күн бойы тырп еткізбей, адымын аштырмай қояды. Қорғаныспен шектеліп қалмай, оңтайлы тұста жауға опық жегізетін сәттер сериалда қылаң беріп қалады. Сондай арнайы тапсырманың бірінде үлкен олжаға кенеледі. Жаудың азық-түлік қорын қолға түсіреді.

Түсірілімнің Алматы маңындағы Талғар, Қапшағай жерлерінде, сондай-ақ, Минскінің «Беларусьфильм» киностудиясында өтуі оқиғаның нанымды көріністермен өрілуіне әжептәуір септігін тигізген деуге негіз бар.

Мыңбұлақ бұрымы

«Туған жерім Мыңбұлақ, арналы Ақсай, Ішсем суы татиды шекер-балдай. Қызғалдақ, қалың егіс, көк жоңышқа, Сенен артық жер шіркін өтер қандай. Көк орай шалғын кең өлкем жерің дәнді, Жазың салқын, жайлауың малға жайлы, Сағынып алыс жерден келгенімде, Көзім тойып көркіңе, мейірім қанды», – деп келетін Баукеңнің 1942 жылғы өлеңі батырдың бірбеткей кесек келбетін ғана емес, жайсаң жаны мен нәзік сезімін айқындап тұрады.

Телехикая негізінен Б.Мо­мыш­ұлы­ның тікелей әскери қабілет-қа­рымын баяндауға құрылғанмен, өмірлік жа­ры Бибіжамалмен арадағы қарым-қатынасы арқылы ел алдындағы парызы асқар таудай тұлғаның жар жанындағы кішіпейіл де кіршіксіз бейнесі қалтқысыз есте қалады. Бибі­жамал апайдың рөлін ойнаған жас актриса Әсел Сағатоваға айбыны мен айбары асқақ ірі тұлғаға лайық жар бола білген аяулы жанның бейнесін сомдау оңайға түспегені талассыз. Қазақ әйелінің бойындағы барша ізгі қасиет азғантай көріністе айқын аңғарылуы әсте мүмкін емес, тек бірен-саран ғана жағы назар аудартады. Соның бірі – ерге деген ерекше құрметі. Ұстамдылығы. Аяғы ауыр келіншектің үйдегі барлық шаруа өз иығына артылып қалғанына қарамастан Баукеңнің артынан іздеп келетін сәті. Тәртіп, талап баршаға бірдей. Өзіне келгенде өзегін ашып, ал өзгеге өктем заң қолдану Баукеңнің мүлде қанында жоқ қасиет. Әскери борыш әдетте туралыққа бағынады. Сол себепті сүйген жарын өткізуге тыйым салып, кері қайтаруға бұйрық береді. Әскери штабқа бөгде адамдардың кіруіне рұқсат етілмейді. Жамалын сырттай терезеден ұзатып сала берген кездегі қимас сезімі қатаң талап пен берік тәртіпке жүгінген жүректің сүйген жарға келгендегі көңілінің соншалық ақ, адал екендігін білдіріп тұрады. Бәрінен де жауынгердің ғұмырнамалық туындыларында аса көп мән берілмей келген алғашқы сүйген жарының жарқын бейнесі экрандық туындының айта кетерлік тағы бір жаңа қырына жатады.

«Алапат ерліктің символы Бауыр­жан Момыш­ұлын туған халқы қашанда қаһарман ұл деп танитыны рас. Алайда, мұндай асқан ұлылық ұялаған жанның түпсіз тұңғиығында қандай сыр жатты, қамқор әке, абзал жар ретінде нені көксеп, не нәрсеге көңіл бұрды. Жан айдыны батырлығының жанында көп айтылмай, ашық көрінбей қалып қойып жатқан жоқ па деген мәселеге ерекше мән беруге тырыстым. Сол үшін де даңқты батырды майданға аттандырып салған Би­біжамал апайдың шынайы бейнесін табуға көп іздендім. Ол туралы ақпараттың аздығына қарамастан келіні Зейнеп апаның ақыл-кеңесіне құлақ аса отырып, кейіпкерімді тапқандай болдым. Мен осы арқылы өмірдің үлкен есігін ашқандай әсер алдым», – дейді рөлді сомдаушы актриса Әсел Сағатова.

 Барша қазақ әйелі секілді Бибіжамал да ерінің майданнан аман оралуын тілейді. Егіліп, көз жасына ерік береді. Мұңға батады. Майданға аттанардағы екеуінің отбасылық диалогы аса көп те емес. Бірақ осы бір қып-қысқа мезетте бүкіл сыр бүкпесіз ашылғандай. Ішкі түйсіктер бір-бірін тапқандай. «Ұл босансаң, атын Бақыт деп қой» деген тілек аузына тегін салынбаған екен Баукеңнің. Сол есіммен жарық дүниеге келген ұл кейін елімізге белгілі үлкен қаламгер атанды. Бақытжан Момышұлы есімін бүгінде білмейтін қазақ кемде-кем.

Төл сериалға – төрден орын

«Бауыржан Момышұлы» сериа­лын­дағы басты рөлді сомдаған Еркебұлан Дайыровтың есімін өз басымыз мұндай ірі жобалардан алғаш рет көруіміз. Бұған дейін «Тағдыр» туындысына қа­тысқан екен. Жай кездейсоқ келіп қал­ған жан емес. «Серпер» жас­тар сыйлығының иегері, М.Әуезов атын­дағы мемлекеттік академиялық қазақ драма театрының әртісі. Мұның бәрін айтпағанда, сыртқы түр-келбеті, тұрпаты жағынан бұл таңдау кейіпкерге өте лайықты табылған деу орынды.

– Әрбір актер үшін Бауыржан ағамыз сияқты абзал тұлғаның рөліне таңдалу үлкен арман. Мұндай жүк артылған соң, жұрттың өзіңе сеніп тапсырған міндетін иығыңнан аударып алмай, лайықты атқарып шығу абыройлы парызың. Әрине, биік белесті бағындыру үшін қолымнан келген барлық күш-жігерімді аянып қалғаным жоқ. Қаһармандығы мен қайраткерлігі исі қазаққа үлгі тұлғаларды өсіп келе жатқан кейінгі ұрпаққа насихаттауға титтей бір септігімді тигізе алған болсам, сол сенімнің ақталғаны. Ұлттың ұстынын ұлықтайтын осынау жобаға қатысқаныма қуаныш­тымын әрі ал­да­ғы уақытта мұндай бастамалардың жал­ғаса беруін тілеймін, – дейді басты кейіпкерді сомдаған актер журналис­терге берген сұхбатында.

Генерал Панфиловты сомдаған Виктор Ашанин мен лейтенант Қасеновтің рөлінде ойнаған Саят Исембаевтың да көрерменге көп бейнелер арқылы жақсы таныс екенін білеміз.

Осыған дейін «Жаужүрек мың бала», «Рэкетир», «Ликвидатор» сынды фильмдерімен танылған режиссердің екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған тырнақалды туындысына атсалысқан композитор, белгілі өңдеуші Ренат Гайсиннің жөні өз алдына бір бөлек. Тарихи кинотуындыны жанды картиналармен жандандыруда қоюшы-суретшілер сіңірген еңбек едәуір.  Телехикаяға тартылған қатысушылардың қай-қайсысын алып қарасаңыз да өз ісін жетік білетін кә­сіби мамандар.

 Көп сериялы экрандық туындының «әттеген-ай» деп қалатын жерлері де жоқ емес, әрине. Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбы бізде өте аз түсіріледі. Бірінші себебі соған байланысты болса керек. Майданның мағынасын толықтай ашып көрсету үшін оған қаншама соғыс техникасын қамту керек. Ондай әлеуетке әлі біз жете қойған жоқпыз. Мұнымен екі болады. Қарапайым көрермен ретінде байқаған жағымызды айтып отырмыз. Мамандар талдап, талшық-жігін ары қарай ажырата жатар. Біз кейінгі жас ұрпаққа Бауыржандай даңқты қолбасшының ерлігін баяндайтын тың туындының дүниеге келгенін қуанышпен хабарлауды мақсат еттік. Әзірге кинотуындының бірінші маусымы ғана аяқталыпты. Бұл бар болғаны төрт серия. Ол Баукеңнің Алатаудай жоталы биігінің ширегіне жетпейтін дүние. Мұның көп кешікпей екінші, үшінші, төртінші маусымдары жалғасын табады деген үміттеміз.

Әрине, бітпеген іске сын айтып жату жараспас. Әйтсе де келер серия­ларда фильмнің оқиғалық арқауы қазіргіден ширатыла, шымырлана түссе деген тілегімізді де жасырып қалудың жөні жоқ. Алғашқы серия түгелдей дерлік Бауыржанның қайта-қайта майданға сұрануына, жары Бибіжамалды жұбатуына, оған ердің орны соғыс төрі екенін түсіндіруге кеткендей сценарийлік сылбырлық осылай сақтала берсе Баукең оқ пен оттың ортасына түсетін тұстарда тіпті бады­райып кетуі, көрермен көңілін көншітпеуі мүмкін екенін ескерсе дейміз авторлар.

Тағы да Ресейді мысалға алды дейсіз-ау. Алмасқа амал жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыстың, бірінші дүниежүзілік соғыстың жылда белгілі тұлғаларына арнап ұзақ-ұзақ сериал­дар ұсынып жатады. Былтыр Жуков, биыл Василий Сталин туралы туындыларын көрсетті. Ал біздің батыр ағаларымыз бен апаларымыздың әрқайсысы бір-бір киноэпопеяға лайық сырларын ішіне бүгіп әлі жатыр. Әрине, хас батыр Қасымға арналған фильмнің қуанышына көпке дейін марқайып жүрдік. Ұлтын сүйген ұлдарының енді міне, тағы бірімен жыл аяғында қауы­шып жатырмыз. Тәубе деп қойдық. Корейдің, түріктің сериалдарынан үйіңіздегі өрімдей жастарға үлгі ете­тін түк те жоқ. Соған орай төл туын­ды­лардың қазір қалай түсірілгені емес, көбейгені маңыздырақ болып тұр.  

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар