Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында салықтық және кедендік әкімшілендіру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бизнесті қолдау үшін өткен жылы Қазақстанда 700 мыңнан астам заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді қамти отырып, салықтық ынталандырудың ауқымды шаралары іске асырылды», — деді А. Мамин.
Қазіргі кезде микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге 3 жылдық мораторий жалғасып жатыр (2023 жылғы 1 қаңтарға дейін) және арнайы салық режимдерін қолданатын ШОБ субъектілері табыс салығынан босатылды. Бұл шаралар кәсіпкерлерге 3 жыл ішінде өз бизнесін кеңейтіп, дамытуға шамамен 400 млрд теңге жұмсауға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы 1 қаңтардан бастап ерікті түрде қолданылатын бөлшек салықтың жаңа арнайы салық режимі енгізілді. Салық мөлшерлемесі алынған кірістің 3% көлемінде белгіленген. Үкімет осы режимді қолдану үшін қызмет түрлерінің тізбесін анықтады. Тізбеде пандемия кезеңінде карантиндік шектеу шаралары қолданылған қызмет түрлері қарастырылған. Режим ШОБ субъектілеріне салық жүктемесін азайтуды қамтамасыз ету және бюджетке төлемдер мен салық төлеу тәртібін оңтайландыру үшін дағдарысқа қарсы шара ретінде 2 жылға есептелген.
Жеке тұлғалардың салық міндеттемелерін орындауын жеңілдету үшін биылғы жылдан бастап мүлік пен жерге салынатын салықтар бірыңғай төлемге біріктіріліп, көппәтерлі тұрғын үйлердің меншік иелері үшін жер салығы алынып тасталды.
Үкімет басшысы Қаржы министрлігіне Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйелерін жаңғырту және оларды басқа мемлекеттік органдармен заманауи әдістерді, соның ішінде блокчейн мен үлкен деректерді қолдана отырып интеграциялау жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды.
«Салық төлеушілер мен бизнеске ыңғайлы болу үшін әзірленген “Е-Salyq Azamat” (салық әмияны) және “E-Salyq Business” тегін мобильді қосымшаларын белсенді түрде ілгерілету керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Қаржы министрлігіне жеке кәсіпкерлер үшін онлайн-БКМ мен POS-терминалдарды пайдалану кезінде есептілікті автоматты түрде толтыру мәселесін сапалы түрде пысықтау қажет», — деді А. Мамин.
Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында осы жылдың наурыз айының соңына дейін Шекарадағы заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарына ұсыныстар дайындау қажеттігін атап өтті.
Биыл Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің отырысында (биылғы 29 қаңтарда) қаралған ШОБ қолдау жөніндегі қосымша шараларды іске асыру мақсатында Премьер-Министр биылғы 1 наурызға дейін салық заңнамасына қажетті түзетулер дайындауды тапсырды.
«Ұсынылып отырған өзгерістер 500 мыңға жуық жалдамалы қызметкерді ресми жұмысқа тартуға, еңбекақы төлеу қорына жүктемені азайтуға, салық міндеттемелерін орындау тәртібін жеңілдетуге және республика экономикасына жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік береді», — деді А. Мамин.