Шардара су қоймасында жөндеу жұмыстары жоспар бойынша жүргізілуде. Қазіргі кезде ешқандай қауіп жоқ. ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Орталық коммункиациялар қызметінде өткен брифингте журналистердің Шардара су қоймасына қатысты сұрақтарына осылай деп жауап берді.
Оның айтуынша, аталған су қоймасынан нормативтік су шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Қазгидрометтің болжамы бойынша, биыл қар мөлшері аз болғандықтан судың келуі де аз болды. Су шығару жұмыстары басталды. Бәрі нормативтік деңгейде. Түркістан облысымен шекарада Сырдария өзенінің бойында мұз жоқ, бірақ Қызылорда облысында мұздың қалыңдығы 18 см, ал Арал теңізі маңайында 50- 60 см жетеді. Бірақ бұл қауіпті емес», - деді ТЖМ өкілі.
И. Күлшімбаев Қызылорда облысындағы ахуал министрліктің жеке бақылауына алынғанын атап өтті.