Ұлттық Банктің Төлем балансы департаментінің директоры Азат Өскенбаев Қазақстанның сыртқы қарызы 160,9 миллиард долларды құрайтынын айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz
Қарыздың 80%-ы мемлекет те, қарапайым азаматтар да жауап бермейтін жеке ұйымдардың міндеттемелеріне тиесілі.
«Сондықтан бұл ақша бюджеттің немесе халықтың қаржысы есебінен төленбейді. Мемлекеттік сыртқы қарыз ел борышының 8,2%-ын немесе 13,2 млрд АҚШ долларын, ал квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы – 12,5% немесе 20,1 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл жалпы алғанда ІЖӨ-ге шаққанда 18,8% және халықаралық тәжірибеге сәйкес, қауіпсіз деңгейге жатады», деді департамент директоры.
Елдің сыртқы қарызының құрылымында ең көп үлесті жеке сектордың фирмааралық берешегі алып отыр (101,3 млрд АҚШ доллары немесе 62,9%), оның маңызды бөлігі шетелдіктердің қатысы бар үш ірі жоба – Қашағанға және ТШО мен Қарашығанаққа тиесілі.
Мұндай жобаларды іске асыру үшін шетелдік инвесторлар Қазақстанда тіркелген өз тобының компанияларын қаржыланырады. Халықаралық әдіснамаға сәйкес, осындай инвестициялар да елдің сыртқы қарызы болып саналады.