Пандемия жағдайында мемлекет 2020 жылы тиісті жеке және заңды тұлғаларға нақты көмек көрсету арқылы экономика мен әлеуметтік саланы тұрақтандыруға бағытталған бірқатар шара қабылдады. Бұл туралы саясаттанушы Андрей Чеботарев өзінің «Қазақстан-2020: коронадағдарыспен күрес және жаңа реформалар» атты сараптамалық баяндамасында атап өтті.
Бұл жағдайда шектеу шараларының енгізілуіне байланысты табысынан айырылған азаматтарға, сондай-ақ өзін өзі жұмыспен қамтығандарға немесе бейресми жұмыс істейтіндерге 1 ЕТЖ (42 500 теңге) мөлшерінде ай сайынғы төлемдер беру бірінші кезектегі шара болды. Тиісті өтінімдерді беру үшін еgov.kz порталы, сондай-ақ арнайы құрылған «42500.enbek.kz» порталы қолданылды. Қарастырылып отырған қаржылық көмекті көрсету үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 476 млрд теңге бөлінді. Төлемдер 2020 жылдың сәуір-мамыр және шілде айларында төтенше жағдай кезінде және одан кейінгі шектеу шаралары кезінде берілді. Бұл көмекті барлығы 4,6 млн адам алды.
Қарастырылып отырған процеске түрлі мемлекеттік емес құрылымдар да өз үлестерін қосты. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен пандемия жағдайында халықтың әлеуметтік осал топтарына қайырымдылық көмек көрсету үшін құрылған «Birgemiz» қоғамдық қорын ерекше атап өткен жөн. Қорға 2020 жылдың қазан айының ортасына қарай сомасы шамамен 34 млрд теңгені құраған қайырымдылық түріндегі ақшалай қаражатты отандық бизнесмендер мен меценаттар ұсынды. Осы қордан 50 мың теңге мөлшерінде біржолғы төлем түрінде қаржылық көмек 2,2 млн қазақстандыққа немесе 650 мыңнан астам отбасына берілді. Сондай-ақ 320 мың отбасына азық-түлік себеттері мен бірінші кезекте қажетті тауарлар, тағы 100 мыңына 5 млн медициналық маска берілді.
Төтенше жағдай режімі мен карантиндік шектеу шараларының енгізілуіне байланысты тұрақты атаулы әлеуметтік көмек алушыларға оны тағайындау уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінбей-ақ жыл бойы ұзартылды. Атап айтқанда, 2020 жылғы төртінші тоқсанда бұл шара 130 мың отбасының 650 мыңнан астам азаматына қатысты болды. Өткен жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша 168,6 мың отбасыдан 858 мыңнан астам адамға 58,3 млрд теңге сомасында АӘК төленді. Сонымен қатар былтыр желтоқсан айының ортасына қарай 92,4 мың адам жұмысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алды.