• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Ақпан, 2021

Мұрат Әйтенов: Шағын және орта кәсіпкерлікті қала экономикасының локомотивіне айналдыруымыз қажет

229 рет
көрсетілді

Шымкент қаласында жалпы өңірлік өнімнің үштен бір бөлігін шағын және орта кәсіпкерлік құрайды. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында қалада 530 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2 есеге артық, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өсу қарқынын төмендетпеу үшін пандемия кезеңінде жеке бизнес субъектілерін қолдау мақсатында дағдарысқа қарсы шаралар әзірленді.  Атап айтқанда «Бизнестің жол картасы – 2025» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының шарттарына өзгерістер енгізілген.

Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалымен өткен мәжілісте кәсіпкерлікті дамыту және қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы мен ондағы өзгерістер барысы талқыланды. Жиынға үшінші мегаполис кәсіпкерлері мен екінші деңгейлі банк басшылары да қатысты. 

Күн тәртібіне сәйкес қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысы Береке Дүйсебеков баяндама жасады. 

Басқарма басшысының айтуынша, жаңа шарттар - кәсіпкерлер үшін несие мөлшерлемесін 6%-ға дейін төмендетуге, субсидиялауға жататын несие көлемін 7 млрд теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік берген. Сонымен бірге, бағдарламаның бірінші бағыты -  кәсіпкерлерге (микро және шағын бизнес) сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін портфельдік субсидиялау және кредиттер мен микрокредиттер бойынша ішінара кепілдік беру түрінде қаржылық қолдау шараларын көрсету болып өзгертілген. 

Шымкент қаласының әкімі атқарылған жұмыстарға баға беріп, кәсіпкерлердің негізгі  мәселелерін тыңдады. 

«Қала бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайтудың негізгі жолы – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуды, салық түсімдерін ұлғайтуды және қоғамдық, саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы 5 жылдықта Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өңірлік өнімдегі үлесін 50%-ға жеткізуіміз керек. Сол себепті, кәсіпкерліктің кез келген өзекті проблемалық мәселелерін шешу және оның алдын алу тікелей өзімнің бақылауымда болады.    Барлық дамыған мемлекеттер сияқты шағын және орта бизнесті қала экономикасының локомотивіне айналдыруымыз қажет», деп сөзін түйіндеді. 

Кездесу соңында Мұрат Әйтенов мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда белсенділік танытқан бірқатар  банк басшылары мен «Даму»  кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Шымкент қаласы филиалының төрағасын марапаттады.